Су тасқынынан қираған үйлерді салуға қанша теңгеден бөлінетіні белгілі болды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде су тасқынынан қираған әрбір үй 22 млн теңгеге салынатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүкіл әкімдік шығынды есептеу үшін тиісті ақпаратты жинайды.

"Осыдан кейін біз жиналған ақпаратты қарастырамыз. Алдымен қаражатты жергілікті бюджеттің есебінен бөлінеді, одан кейін республикалық бюджет қаражатын қарастырамыз", - деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ министр су тасқынынан қираған үйлер 22 млн теңгеге салынатынын атап өтті.

"(Су тасқынынан қираған) үйлерге тоқталайын. Бір үйдің бағасы 22 млн теңге болады... Оның бір шаршы метрі – 280 мың теңге. Алайда бүгінде (су тасқынынан қираған) нақты үйлердің саны белгісіз. Жергілікті атқарушы билік бүкіл ақпаратты жинасын. Одан кейін тиісті қаражат бөлінеді. Қазір бір үйдің бағасы 22 млн теңге болуы мүмкін", - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін 5 өңірде 1 405 жеке үй, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалғаны белгілі болған еді.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz