Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVII Азия ойындарында Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең үздік көрсеткішіне қол жеткізді. Жаңа ғана бокстан Антон Пинчук пен Иван Дычко алтыннан алқа тақты.
Азия ойындарында Қазақстан құрамасы осыған дейін бағындырмаған көрсеткішін бағындырды. 1994 жылы жерлестеріміз 25 алтын иеленіп қайтқан болатын. Ал бұл жолы спортшыларымызға 20 алтын медальды жеңіп алу мақсаты қойылған-ды.
81 келіде шаршы алаңға көтерілген Антон Пинчук финалда ирандық Али Мазахериді ұтты. Ал 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Иван Дычко тағы бір ирандық боксшы Хасем Делавариге мықтылығын мойындатты. Осылайша боксшыларымыз 6 алтын 1 күміс 1 қола жүлдемен Азия ойындарының рекордын орнатты.
Естеріңізге сала кетсек, Инчхондағы Азия ойындары 4 қазан күні мәресіне жетеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 27 алтын 20 күміс 32 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sport.nur.kz