Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVII Азия ойындарында бокстан ел намысын қорғап жатқан былғары қолғап шеберлеріміз финалдық жекпе-жектерін өткізуде. Жаңа ғана Ілияс Сүлейменов алтыннан алқа тағып, Біржан Жақыпов күміспен күптелді.
52 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Ілияс Сүлейменов өзбекстандық Шахобидин Зойровтан басым түсті. Бірінші раундта отандасымыздың мысы басым болған, екінші раундта қарсылас белсенді. Шешуші кезеңде Ілияс ширақ қимылдап, мықтылығын мойындатты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына 22-ші алтын медальды салды.
49 келіде жұдырықтасқан Біржан Жақыпов шаршы алаң иелерінің боксшысы Чонхун Шиннен жеңілді. Үш раундта да төрешілер ұпайларды оңтүстік кореялық боксшының еншісіне жазды.
Ел құрамасының қоржынына қомақты жүлделер салады деп күтіліп отырған спорт түрінің бірі – бокс екені рас. Алдағы уақытта бес бірдей боксшымыз Азия чемпиондығы атағына таласатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, Инчхондағы Азия ойындары 4 қазан күні мәресіне жетеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 22 алтын 20 күміс 32 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Айта кетейік, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды. Бұл тек мемлекеттік сыйақы. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Cурет: kazsport.kaztrk.kz