Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарында 10 метрден жылжымалы нысана көздеуден жекелей сында Бақтияр Ибраев қола медальды қанжығаға байлады.
Ерлер бәсекесінде үшінші орын үшін тартыста сынға түскен қазақстандық мерген Солтүстік Корея спортшысы Мьонвон Пакты 7:5 есебімен жеңді.
Бұл бәсекеде бірінші орынды қытайлық Юйя Жай жеңіп алса, екінші орын Солтүстік Кореялық Йонгчой Жоға бұйырды.
Естеріңізге сала кетсек, Бақтияр Ибраев бүгін командалық жарыста үздік үштіктен көрінген еді. Бұл жүлде - Бақтиярдың Азия ойындарындағы екінші қола жүлдесі.
Сондай-ақ, жекелей бәсекеде сынға түскен қазақстандық спортшылар Андрей Гуров пен Расим Молоғұлы 11-ші және 12-ші орынға тұрақтады.
Бүгін Азия ойындарының алтыншы күні өтуде. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 6 алтын, 7 күміс, 16 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Vesti.kz