Инчхонда өтіп жатқан XVII Азия ойындарының төртінші күнінде қазақстандық спортшылар тағы екі қола медаль еншіледі.
Синхронды жүзуден Қазақстан құрамасы еркін комбинация бағдарламасы бойынша қола жүлдені жеңіп алса, семсерлесудің сабля түрінен сынға түскен жігіттеріміз жартылай финалда сүрінді.
Синхронды жүзуден жүлдеге ілінгендердің қатарында Әмина Ермаханова, Әйгерім Анарбаева, Дания Талғатова Кристина Тыныбаева, Екатерина Немич, Александра Немич, Алина Маткова, Ксения Качурина және Юлия Кемпель сынды спортшылармыз бар.
Ал, семсерлесудің сабля түрінен Элмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Дмитрий Алексанин, Дмитрий Грязнов сынды жігіттер ел құрамасының намысын қорғады. Олар жартылай финалдық кездесуде Жапония спортшыларына 37:45 есебімен есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетсек, 1/8 айналымда қазақстандық семсерлесушілер Макао құрамасын 45:26 есебімен ұтқан еді. Ал ширек финалда Қытай спортшыларын 44:40 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алған болатын.
Бүгін Азия ойындарының төртінші күніндегі медальдар жиынтығы сарапқа салынуда. Әзірге жерлестеріміздің еншісінде үш алтын, екі күміс, сегіз қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте алтыншы орында келеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: kazsport.kaztrk.kz