- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Жайна мен...
Инчхон-2014. Жайна мен Марина жартылай финалға өтті
Инчхонда өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарының тоғызыншы күнінде ерлер және әйелдер арасында бокс бәсекесі жалғасын тапты.
51 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жайна Шекербекова ширек финалда КХДР спортшысы Хиангми Риді жеңіп, жартылай финалға өтті. Енді Жайна жартылай финалда моңғолиялық боксшы Нандинцецег Мьягмардуламмен жұдырықтасады.
75 келіде шаршы алаңға көтерілген Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова ширек финалда ветнамдық Ле Ти Хангты 3:0 есебімен жеңді. Енді Марина жартылай финалда Солтүстік Корея боксшысы Унху Янгпен финал жолдамасын сарапқа салады.
Ерлер арасында 49 келіде Біржан Жақып алғашқы жекпе-жегінде пәкістандық Мохувуллахты айқын басымдылықпен жеңді. Енді ол 30-қыркүйекте ширек финалда малайзиялық Мұхаммад Фуад Бин Мохд Редзуанмен жұдырықтасады.
64 келіде сынға түскен Айдар Әмірзақов алғашқы кездесуінде қырғыз боксшысы Ермек Сәкеновпен кездесіп, 1:2 есебімен ұтылып қалды.
Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын ширек финалға Қайрат Ерәлиев (56 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келіге дейін), Ілияс Сүлейменов (51 келі) және Данияр Елеусінов (69 келі) жолдама алған болатын.
Бүгін Азия ойындарының тоғызыншы күні өтуде. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 9 алтын, 11 күміс, 20 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Алтын медальға ие болғандар (9): Маргарита Елисеева (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), траптан әйелдер құрамасы (стендтік оқ ату), Дмитрий Баландин — үш (жүзу), ерлер құрамасы (теннис), Ольга Довгун (оқ ату), Алексей Луценко (велоспорт);
Күміс медальға ие болғандар (11): Алмас Өтешов, Зульфия Чиншанло, Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Максим Раков, ерлер құрамасы (дзюдо), Екатерина Руденко — екі (жүзу), Светлана Германович пен Мария Васильева (академиялық ескек есу), Ришат Ливеншо (у-шу), Расул Қалиев, Гюзель Манюрова (еркін күрес);
Қола медальға ие болғандар (20): Александра мен Екатерина Немич, қыздар құрамасы (синхронды жүзу), Бақтияр Ыбраев, Андрей Могилевский, әйелдер құрамасы – бір, ерлер құрамасы – екі қола (барлығы – оқ ату), Ленария Меңғазова, Азамат Мұқанов, Мариян Ордабаева (барлығы — дзюдо), саблядан әйелдер құрамасы, шпагадан ерлер құрамасы (екеуі де — семсерлесу), әйелдер құрамасы (теннис), Нұрсұлтан Тұрсынқұлов (у-шу), Екатерина Артемьева мен Виктория Чепикова, ерлер төрттігі (барлығы — академиялық ескек есу), әйелдер құрамасы (су добы), Татьяна Аманжол (әйелдер күресі), Мамед Ибрагимов (еркін күрес), Ольга Сафронова (жүгіру);
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vk.com
Н. Айдархан