- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Жәнібек пен...
Инчхон-2014. Жәнібек пен Әділбек – Азия ойындарының чемпиондары!
Инчхондағы бокс бәсекесі қызып тұр. Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетов Қазақстан қоржынына кезекті алтын медальдарды салды.
Жәнібек Әлімханұлы йорданиялық боксшы Одай Рияд Адель Алхиндавиді тізе бүктірді. Ұрымтал сәтін күтіп жүріп жұдырықтасқан отандасымыз қарсыластың ұстанған жоспарын жүзеге асыртпады. Жерлесіміздің ширақ қимылдары мен шеберлігі жоғары екені айқын байқалды. Нәтижесінде 30:26, 30:26, 30: 26 есептері тіркелді.
81 келі салмақ дәрежесінде рингке көтерілген Әділбек Ниязымбетов оңтүстік кореялық Ким Хионг Кюды жеңіп, бокстан төртінші алтын медальды қоржынға салды. Шаршы алаң иегерлерінің боксшысының жеңіске ұмтылған әрекеттерінен пайда шықпады. Көбіне күміспен күптеліп жүрген жерлесіміз алтыннан алқа тақты.
Санаулы минуттардан кейін 81 келіде Антон Пинчук пен 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Иван Дычко алтын медаль үшін жұдырықтасатын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 25 алтын 20 күміс 32 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: kazsport.kaztrk.kz
О. Сансызбай