Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан XVII Жазғы Азия ойындарының он төртінші күнінде каратэден Гузалия Гафурова алтын медальға ие болса, Сабина Захарова күміс жүлдеге қол жеткізді.
68 келі салмақ дәрежесінде Гузалия Гафурова финалдық айқаста қытайлық Линглинг Тангпен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша ол Қазақстан құрамасының қоржынына 28-ші алтын медальді салды.
Гузалия финалға дейін ирандық Пегах Зангенехкаркути (5:2) мен малайзиялық Шри Шармини Сегаранды (2:0) жеңген болатын.
Сондай-ақ, Әйелдер арасында 55 келіге дейін салмақта сынға түскен Сабина Захарова финалда тайпейлік Цу Юн Вен кездесіп, 1:7 есебімен есе жіберді.
Сабина бұған дейін индонезиялық Кок Истри Агунг Санистяраниді (8:0), Оңтүстік Корея спортшысы Таиюн Анды (0:0, 5:0) және филиппиндік Мае Сориано (6:1) ұтқан болатын.
Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 28 алтын 21 күміс 32 қола медаль бар. Жерлестеріміз жалпы саны 81 медальмен жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz