Инчхонда өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарының бесінші күнінде академиялық ескек есуден сынға түскен қазақстандық спортшылар үш медальды жеңіп алды.
Алғаш болып академиялық ескек есуден жұптық сында Екатерина Артемова мен Виктория Чепикова қол жүлдеге қол жеткізді. Олар ақтық бәсекеде Қытай мен Корея спортшыларына есе жіберді.
Күміс жүлдені әйелдер арасында екілік қайықпен жарысуда жарыс жолына шыққан Светлана Германович пен Марина Васильева еншіледі. Жарыстың бұл түріннен қытайлық Цинли Дуан мен Ян Лью бірінші келсе, Таиланд елінің спортшылары Родджана Раклао және Пхуттаракса Нигри Вртн қола жүлдеге ие болды.
Тағы бір қола медальды академиялық ескек есуден Қазақстан ерлер құрамасының төрттігі – Виталий Васильев, Михаил Таскин, Евгений Васильев, Владислав Яковлев қанжығаға байлады. Бұл сында алтын медальды қытайлық спортшылар еншілесе, күміс медаль Оңтүстік Корея елінің спортшыларына бұйырды.
Айта кетейік, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды. Бұл тек мемлекеттік сыйақы. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.
Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 4 алтын, 5 күміс, 12 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: bbc.co.uk