Инчхон-2014. Ерұлан Ысқақов қола жүлде иегері атанды

Инчхон-2014. Ерұлан Ысқақов қола жүлде иегері атанды

Инчхонда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толыға түсті. Грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов қола жүлде иегері атанды.

Жүлделі орын үшін өткен белдесуде жерлесіміз сириялық спортшы Наузат Салехтен басым түсті. Есеп 4:0 болды. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына 25-ші қола медальды салды.

Бокстан 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы мен 91 келіде Антон Пинчук жартылай финалға шықты. Осыған дейін бұл кезең шыңын алты бірдей былғары қолғап шеберіміз бағындырған болатын. Жәнібек ширек финалда ирандық Саджад Мехрабты үш раундта да айқын басымдықпен жеңді. Ал Антон болса, өзбек тер үміт артқан Рустам Тулагановты сан соқтырды. Үш раундта да 29:28, 29:28, 29:28 нәтижелері тіркелді.

Азия ойындарының он бірінші күнінде спортшыларымыз алтын медальға қол жеткізбесе де, финалдық кезеңге жолдама алғандары баршылық. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 15 алтын, 16 күміс, 25 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді. Бүгін иеленген жүлделері нәтижесінде Иран құрамасы да отандастарымызды өкшелеп тұр.

Айта кетейік, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды. Бұл тек мемлекеттік сыйақы. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Cурет:vk.com

О. Сансызбай