- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Дмитрий Баландин...
Инчхон-2014. Дмитрий Баландин – Азия чемпионы!
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVII Азия ойындарында суда жүзу спортынан Дмитрий Баландин топ жарса, Екатерина Руденко күміс жүлде еншіледі.
200 метрге брасс әдісімен сынға түскен Дмитрий Баландин іріктеу кезеңінде де сәтті өнер көрсетті. Ал финалдық кезеңде ол бұл арақашықтықты 2:07,67 нәтижесімен бағындырды. Сонымен қатар, Азия ойындарының рекордын орнатты. Ал күмісті иеленген жапондық Кадзуки Кохината болса, жерлесімізден жарты секундқа қалып қойды. Қола медаль да тағы бір жапон спортшысы Ясухиро Косекиге бұйырды.
50 метрге шалқалап жүзуде Екатерина Руденко күміс жүлдені жеңіп алды. Ол финалда қытайлық Фу Юаньхуэйге ғана ұтылды. Қоланы Жапония спортшысы Муики Такамура иеленді.
Ел қоржынына түскен оныншы қоланы ушудан 75 келіде өнер көрсеткен Нұрсұлтан Тұрсынқұлов иеленді. Ол жартылай финалда иранық Хамид Резеге есе жіберіп алды.
Айта кетейік, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларынақол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды. Бұл тек мемлекеттік сыйақы екендігін айтып өтті. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.
Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 4 алтын, 4 күміс, 10 қола жүлде бар. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте төртінші орынға көтерілді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
О. Сансызбай