- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Чиншанло әлем...
Инчхон-2014. Чиншанло әлем рекордын жаңартты
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының екінші күнінде жарыс жолына шыққан қазақстандық зілтемірші Зулфия Чиншанло күміс жүлде еншіледі.
53 келіде бақ сынайтын отандасымыз осы салмақ дәрежесінде 2012 жылы Лондон Олимпиадасын, оған дейін екі рет әлем чемпионы атағын бағындырған болатын. Инчхонда Зулфия жұлқа көтеруде 96 келіні бағындырып, серпе көтеруде 132 келіні басынан асыра көтеріп, әлем рекордын орнатты. Нәтижесінде екінші рет Азия ойындарында күміс жүлдені еншіледі. Бұл тартыста қытайлық Тайпей елінің спортшысы Шу Чин Хсу топ жарды. Ол қоссайыс қорытындысында 233 келі көрсеткішімен әлем рекордына түзету енгізді. Қола қытайлық Ваньксьон Чжангқа бұйырды.
Айта кетейік, бүгін стенд атудың трап сыны бойынша сынға түскен Андрей Могилевский мен дзюдодан Мариан Ордабаева да қола медаль жеңіп алған болатын-ды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын, бір күміс, бес қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте бесінші орында келеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:sports.kz
О. Сансызбай