- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Бүгін алтын...
Инчхон-2014. Бүгін алтын медаль бұйырмай тұр
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVII Азия ойындарының он үшінші күнгі сайыстарында Қазақстан қоржынына 2 күміс 3 қола медаль түсті.
Таэквондодан 68 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қайрат Сарымсақов жартылай финалда ирандық Вехнам Асвашиханшаннан ұтылып, қола медальды қанағат тұтты. Ал өзге спортшыларымыз ширек финалға да шыға алмады.
Каратэші Ринат Сағындықов финалда жапониялық Нирото Шинохарадан cоңғы сәтте 2:3 есебімен ұтылып, күміс медальды иеленді. Отандасымыз 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында алтыннан алқа таққан болатын.
Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Гонконгты 12:0 есебімен ұтып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Жеңіл атлетикадан Қазақстан әйелдер құрамасы (Светлана Иванчукова, Виктория Зябкина, Анастасия Тулапиня, Ольга Сафронова) 4х100 метрлік эстафетада күміс медальды еншіледі. Олар тек Қытай құрамасын ғана алға оздырып алды.
Бокстан 56 келіде өнер көрсететін отандасымыз Қайрат Ералиев жартылай финалда оңтүстік кореялық Сангмиенг Хамнан 0:3 есебімен ұтылып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Осыған дейін төрт бірдей боксшымыз финалға жолдама алған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, Инчхондағы Азия ойындары 4 қазан күні мәресіне жетеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 20 алтын 19 күміс 31 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді. Бүгінгі сайыстар әлі жалғасады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
О. Сансызбай