Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарында қазақстандық грек-рим күресінің шебері Алмат Кебіспаев қола жүлдегер атанды.
Отандасымыздың жолын жартылай финалда солтүстік кореялық Вон Чол Юн кескен болатын. Қола медаль үшін өткен белдесуде Алмат өзбекстандық Ахмоджан Махмудовтан 5:0 есебімен басым түсті.
Сонымен қатар, 200 метр қашықтыққа жүгіруде Өмірсерік Бекенов финалдық кезеңге жолдама алды. Жерлесіміз ертең жүлде үшін таласатын болады.
Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Малайзияны 56:0 есебімен жеңді. Осыған дейін Лаос құрамасын 74:0 есебімен тізерлеткен еді. Енді ертең отандастарымыз Таиланд пен Гонконг құрамаларымен кездеседі.
Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы финалға шықты. Жерлестеріміз ертең Жапония құрамасымен алтын медальды сарапқа салады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: prosportkz.kz