- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Инчхон-2014. Әділбек Ниязымбетов...
Инчхон-2014. Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко финалда!
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан XVII Жазғы Азия ойындарының он үшінші күнінде қазақстандық тағы екі боксшы финалға жолдама алды.
81 келіде шаршы алаңға көтерілген Әділбек Ниязымбетов финалға шығар жолда қазақстандық «Астана Арланс» командасының боксшысы, ирандық Эхсан Розбаханиді жеңді.
Бұл екі боксшы бұдан бұрын Лондон Олимпиадасының ширек финалында кездескен болатын. Ол кезде де қазақстандық боксшы басымдылық танытқан-ды. Бүгінгі кездесу аса тартысты өтті. Бірінші кезеңде үш төреші де Әділбекті басым деп тапқан болатын, алайда екінші кезеңде екі төреші Розбаханиді жақтап, дауыс берді. Соңғы шешуші кезеңде жерлесіміз қорғаныс пен қарсы шабуылдар да сәтті өнер көрсетіп, жеңіске жетті.
Енді Әділбек ақырғы кезеңде кореялық Ким Хьенкпен қолғап түйістіреді. Финалдық кездесу ертең өтеді.
91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық боксшы Иван Дычко жартылай финалда үндістандық Кумар Сатишті жеңді. Бұл кездесуде үш төреші де бір ауыздан Иванның басымдылығын мойындады. Енді Дычко финалда ирандық Хасем Делавари мен өзбекстандық Мирзохиджон Абдуллаев арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен жұдырықтасады.
Естеріңізге сала кетсек, жаңа ғана бокстан Азия ойындарының финалына Ілияс Сүлейменов (52 кел) пен Данияр Елеусінов (69 келі) жолдама алған болатын. Бүгін бұлардан бөлек жартылай финалда Біржан Жақыпов, Қайрат Ерәлиев, Жанібек Әлімханұлы және Антон Пинчук шаршы алаңға шығады.
Бүгін Азия ойындарының он үшінші күні өтуде. Қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 20 алтын, 17 күміс, 29 қола жүлде бар. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Vesti.kz
Н. Айдархан