- Негізгі бет
- Инчхон 2014
- Данияр Елеусінов Азия...
Данияр Елеусінов Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды
Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан XVII Жазғы Азия ойындарының он төртінші күнінде бокстан қазақстандық Данияр Елеусінов алтын медальға ие болып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.
Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов финалда өзбекстандық Исраил Мадримовті 3:0 (30:27; 30:27; 30:27) есебімен жеңді.
Данияр алғашқы айналымда тайпейлік Ченг Суді жеңсе, екінші айналымда моңғолиялық Ваямба Тувшунбаттан басым түсті. Жерлесіміз жартылай финалда түркімен боксшысы Сердар Худайбердиевті 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.
Бүгін бокстан Ілияс Сүлейменов алтын медальға ие болса, Біржан Жақыпов күміспен күптелді. Бұлардан бөлек тағы төрт боксшымыз финалда жұдырықтасады.
Естеріңізге сала кетсек, Инчхондағы Азия ойындары 4 қазан күні мәресіне жетеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 23 алтын 20 күміс 32 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді.
Айта кетейік, Азия чемпионы атанған спортшы 10 мың доллар көлемінде сыйақы алса, екінші орын алған спортшыға 5 мың доллар беріледі. Ал, үшінші орынға ие болған спортшылар тиісінше 3 мың АҚШ долларына қол жеткізеді. Сондай-ақ олардың жеке бапкерлеріне берілетін мемлекеттік сыйақы мөлшері: І орын – 5 мың доллар; ІІ орын – 3 мың доллар; ІІІ орын – 2 мың долларын құрайды. Бұл тек мемлекеттік сыйақы. Бұған қоса конфедерацияның, әр федерацияның, аймақ басшыларының да өз алдарына бөлек сыйақы беретіндіктерін ескерте кетеміз.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Cурет: kazsport.kaztrk.kz
Н. Айдархан