Шәкірт назарындағы онлайн оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері
Оқу-ағарту саласында онлайн оқыту ұғымы қалыптаса бастады. Білім алушылар да бұл үрдісті қабылдамасқа шарасыз қалды. Бүгінде ғаламтор қолданушылары тікелей желіде білім алудың көл-көсір жақсылығын көріп жатыр. Тіпті Қытай, Жапония мемлекетінде, Еуропа елдерінде оқытудың бұл түрі ресми жолға қойыла бастады. Онлайн дәрістің пайдасын білеміз, ал, оқытудың бұл түрінде қандай кемшіліктер бар? Несімен ерекше және не кемдік етеді, осыған назар аударып көрейік.
- Жүйелі білім беру жоспары жоқ
"Жетекшісі" жоқ саяхатшының ай даланы кезіп, түкті де түсінбей қайтып келгені сияқты, онлайн оқытуда жоба-жоспар жоқтың қасы. Кім нені көргісі келсе, қайдан бастағысы келсе содан бастай береді. Бұл жағдай онлайн оқытуды ұсынып отырған барлық сайтқа ортақ. Оқушының көздеген мақсаты, деңгейі, қалауы сияқтылармен санаспайды.
Егер мен үйренуші болсам не істеймін? Алдымен үйретуші сайттарды іздеймін, керекті мақала немесе видеоны табамын. Уақытым болған кезде өз қалауыммен қараймын. Қалауым бойынша ұсынылған деректер дайын болған соң, кейін көрермін деп қол сілтеп жүре беруім де мүмкін. Мұндай жағдай жас оқушыға қанағаттану сезімін туғызуы да ықтимал.
Оқушы ең алдымен оқыған дүниесінің керекке жарайтынын, өзінің жападан-жалғыз үйреніп отырмағанын білуі керек. Әрі оны білдіру үшін оқытушы сайттар тікелей оқыту әдісіне көшіп немесе деңгей бойынша өту мен тапсырмаларды қабылдау жүйесін жүзеге асыру керек.
- Тәуелділік сезімінен "азаттық" алу
Дәстүрлі оқытуда оқушы шәкірт ұстазына, ата-анасына, мектепке (университетке) тәуелді болады. Ал, жаңа медиа арқылы оқыту барлыққа келгеннен кейін оқушылар бұл тәуелділіктен азат болады. Тәуелділіктен азат болды деген сөз - жауапкершіліктен де азат болды деген сөз. Ендеше, өз-өзіне қожа болып отырған оқушының өзі алғалы отырған біліміне деген жауапкершілігін арттыру ісі де онлайн оқытуды ұсынып отырған орталықтар мен мекемелердің ойланатын мәселесі.
- "Сиырдың құлағына домбыра шерту"
Оқу-ағартудың классикалық үлгісіне "түкіріп" кетуге мүлде болмайды. Ол – ең үлкен көркемөнер. "Жақсы тәрбиеленген адам әлемдегі ең сұлу болмыс" деген сөз бар. Онлайн оқытуда оқушы қарағысы келсе қарайды, ақшасын төлеу керек болса, бір ғана батырмамен төлейді. Бұл сауатты қазір елдің бәрі біледі. Ендеше ғылым-білім саласы біз атап өткен ең үлкен көркемөнерді тым қарбайыр, қораш дүние етіп қойған жоқ па? Оған кім кінәлі? Мұнан басқа онлайн оқыту жастар арасындағы шынайы қоғамдық барыс-келісті сиретіп, қоғамдық іс-шаралардан аулақтатып алды. Адамдар арасындағы достық, сыйластық сынды сезімдер ұмытылып қалуда. Оқытуды онлайн күйге көшіру кейде "сиырдың құлағына домбыра шерткенмен" бірдей ме деген сұрақ туындайды. Әрине, бес саусақ бірдей емес.
- "Ұстаз қорғауды білмейді"
Онлайн оқытудың әдістемесі дәстүрлі оқытуды ғаламторға көшіріп қоюдан аспай отыр. Қоғамдық қарым-қатынасты жүзеге асыра алмай отыр. Онлайн оқыту тек форма жағынан ғана емес, сонымен бір уақытта шәкірт пен ұстаздың арасындағы өзгеше байланысты да қамтиды. Ол ұстаздың шәкірт өміріне тіпті де ішкерлей кіріп кетуін талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, оқушымен онлайнда бірге өмір сүресің.
- Қадағалау
Онлайн оқытуға күмән келтірген көптеген сұрақтардың ішінде ұстамдылық мәселесін айтпай кетуге болмайды. Солай, онлайн оқытудың өзі білермендікке салынуға жол ашады, бірақ бұл мәселені шешуге болатын амал да жоқ емес. Мысалы, сабақтың қызықты болуы, оқытушының сабақтан кейін өзідігінен хабарласып тұруы дегендей. Бұл дәстүрлі оқытуда жоқ амалдар.
Онлайн оқуға байланысты арнайы маман мен ғаламтор қолданушыларының пікіріне назар салып көрейік.
Қуандық Шамахайұлы, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, доцент, журналистика саласының зерттеушісі, ұстаз
Онлайн жүйесі арқылы дәріс беруге арнап мен өткен жылы shabyt.com.kz деген арнайы сайт ашқан едім. Онда менің бірнеше бейне дәрісім болды. Сонымен қатар слайд үлгісіндегі лекциялар, оқулық, оқу құралдарының электрондық нұсқалары орналастырылды. Республиканың және шетел ЖОО ұжымдарында білім алып жатқан студенттер, магистранттар жиі хабарласып сұрақ қойып жататын. Мен де шама-шарқымша жауап беріп жүрдім. Айналасы, алты-жеті айда әжептәуір жетістікке жеттік. Ондайн үлгідегі ғылыми-шығармашылық ұжым болып қалыптасып қалған едік. Алайда, биыл жыл шыға бере сайтымыз бірнеше рет жойқын шабуылға ұшырады. Қалпына келтіріп едік, болмады. Ақыры, біржолата күйретті де, жауып тынды. Саясатқа еш қатысы жоқ, білім беру сайтқа осылайша өшігіп, жауығу біреулерге керек болған шығар, кім білсін. Бірақ, оған бола қырылып қалған ештеңем жоқ. Қазір Фейсбүкте "Теориялық журнализм" деген жеке топ ашып алып, кірісіп жатқан жайым бар. Мүмкіндігі сайтпен теңдес. Дегенмен, жоқтан тәуір, әйтеуір. Оған да сұрақ қойып, жауап алатындар, пікір білдіретіндер баршылық. Мен өзім шетелдік әріптестерімнің интернеттегі дәрістерін жиі қарап, тыңдаймын. Журналистика ғылымы саласы бойынша АҚШ ғалымдары Лэйрд Андерсонның, Байрон Скоттың, монғолиялық ғалымдар М.Зүлкәпілдің, А.Оюунгэрэлдің, Ч. Чойжамцының, қытайлық Оюунның және ресейлік профессорлардың дәрістерін, ғылыми зерттеулерін қалт жібермеймін. Соның арқасында журналистиканың теориясы саласында қазір әлем көшінен қалмайтын деңгейде жүрмін деп ойлаймын. Мұның артықшылығы өте көп. Арнайы іссапарға шығып, қаржы шығындамайсың. Кейде скайп арқылы шығып тікелей пікірлесе аласың. Жалпы, кері байланыс жақсы жолға қойылған. Қазіргі күні де бірлі-жарым лекцияларым YouTube-те жүр. Дәстүрлі білім беруден мұның артықшылықтары да баршылық. Мейлінше, қысқа да нұсқа жеткізесің. Артық кетіп, тақырыптан ауытқымайсың. Бос әңгімеге жол бермейсің. Оның сыртында аудиторияң шексіз. Сенің дәрісіңді жастар ғана емес, өзің қатарлы профессор ғалымдар да көріп, сенімен пікір алмаса алады. Бір-бірімізді толықтырып отыруға оның да пайдасы айтарлықтай. Ұтатын жақтары көп. Мұнда ұтылатындар негізінен өз саласына кездейсоқ келгендер мен өзіне-өзі сенбейтін деңгейі төмендер ғана шығар. Олардың ешқашан үндері шықпайды.
Мәншүк Ахметова, блогер, журналист
Тіл үйренуге бір қарағаным бар YouTube-тен. Видеодәріс қараған, видеодәріс алып оқыған ұнады. Ұмытқаныңды артқа қайталап қарауға мүмкіндік бар. Бұл артықшылығы, ал кемшілігі, мысалы сұрақ қоя алмайтыны деп айтар едім. Сонымен бірге, қолөнерге қатысты видео сабақтарды қараймын немесе аспаздыққа қатысты. Олар ұнайды.
Серік Мұратхан, инженер маман
Жеке басым онлайн оқу-үйрену, пікір-тәжірие алмасауды үнемі жүргізіп отырамын. Сондай-ақ, өз кәсібіме байланысты шеше алмаған сұрақтар үнемі интернет арқылы шетелдегі ұстаздарыммен, әріптестеріммен бірге талқыланады. Өзім медициналық аппараттар инженерімін. Кейде істен шыққан аппараттарға диагноз қою үшін сол аппараттарды өндірген өндіріс орындарының инженерлерімен жиі-жиі онлайн байланысқа шығып, көмек алып отырамын. Өзімде болып жатқан проблемаларды камера арқылы көрсетіп, кеңесемін. Бұл әрине өте қолайлы. Шығынсыз байланыс. Десе де, өзім өз көзіммен көріп, барып оқыған оқу-үйренуді артық санаймын. Онлайн байланыс арқылы оқу-үйрену тек мәселені шешудің бір жолы. Ал шынайы білім үйрену - шынайы практикамен тікелей байланыс жасау арқылы келеді деп ойлаймын. Онлайн сабақ балама жол болу керек. Ол уақыт, қаржы үнемдеу жағынан өте қолайлы болуы мүмкін. Ал шынайы байланысқа жетпейді.
Автор: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: duozhi.com, жеке мұрағаттан
M. Auelkhan