Сайт беделін көтерудің 100 амалы #3

Сайт ашып, блог бастап жатқан қолданушыларымызға арнап сайт рейтингісін көтеруде осыған дейін жинаған және ғаламторда топтастарған тәжірибемізді бөлісуді жалғастырамыз.

Бірінші бөлімі:

Сайт беделін көтерудің 100 амалы #1

Екінші бөлімі:

Сайт беделін көтерудің 100 амалы #2

Әлеуметтік желі қызметтері

38. Достарыңыз арқылы бөлістіру. Егер сіздің досыңыз Facebook немесе Twitter жұлдызы болса, онда ол досыңыздың да сізге көмегі тиеді. Оған сапалы бір жазбаңызды бөлісуді ұсыныңыз. Есіңізде болсын, ол жазбаны бөлісуде досыңыз ұялмайтындай болсын.

39. Digg немесе осы тектес парақшалардың бас бетіне шығу. Digg бас бетіне шығу оңай шаруа емес. Ол үшін сол осы жүйеде белсенді қолданушы болуыңыз керек. Егер бас бетке шығу мүмкіндігі болса онда он мыңдаған қолданушыны тарта аласыз. Өз ортаңыз, сіз өмір сүріп жатқан қоғамның басым көп санды қолданушылары қандай әлеуметтік желіні қолданады? Осыны анықтап алыңыз да, сол ортаға көшіңіз.

40. Жеңіл әзіл-қалжың, әжуа суреттерді бөлісу. Осыдан бұрын әзіл-қалжың мен әжуа суреттерді сайтқа салу туралы айтқан болатынбыз. Сайтқа салып қойып, келіңдер, көріңдер деп қарап отыруға болмайды. Оны өзіңіз тіркелген әлеуметтік желіге жарнамалау керек. Сізде осындай өнімнің бар екенін елге көрсету керек. Ол үшін біз айтқан әлеуметтік желілерден сырт Reddit-ті пайдалануға болады.

41. Әр саланың тақырыбын, сол саланың қолданушылары кіретін желіге бөлісіңіз. Мысалы, сіз Windows ОЖ орнату жайлы сабақ жасасаңыз немесе аспаздыққа байланысты жазба қоссаңыз оны әлеуметтік желіде сондай топқа немесе сондай # белгісімен қосыңыз.

42. Әр жазбаның соңына не алдына, оң-сол жақ жанына әлеуметтік желіге бөлісу батырмасын қосыңыз. Адамдар сіздің жазбаңызды ұнатып қалса оны қалай бөлісу керектігі жайында ойланып қалмауы керек. Сіз оған бар мүмкіндікті жасаңыз.

43. Барлық әлеуметтік желіден өз парақшаңызды ашып, толық мәліметтеріңізді жазып қойыңыз. Әлеуметтік желілерге тіркелгенде сіз өз сайтыңызды да көрсету мүмкіндігіне ие боласыз, бұл сіздің сайттың іздеу жүйесіндегі сенімін арттырумен бірге, достарыңыз тіке сілтеме арқылы да сайтқа өте алады.

44. Facebook қолдану. Facebook сіздің сайтыңыздың кем болса болмайтын бір бөлшегі деуге болады.

45. Facebook парақшасы. Facebook желісінен өз сайтыңызға арнап парақша ашыңыз. Сол парақшаға достарыңызды шақырып, жазбаларды бөлісіп отырыңыз.

46. Сайтыңыздағы әр жазбаға Facebook Like батырмасын қосыңыз. «Like» батырмасынсыз қалған жазбаны көзі жоқ жазба деуге тура келеді. Айта кетерлік тағы бір жайт, Facebook парақшасының кодын өз сайтыңызға қоюды да ұмыт қалдырмаңыз.

47. Twitter қолдану. Көш бастап тұрған әлеуметтік желілердің бірі Twitter-ді қолданбау мүмкін емес. Өз аккаунтыңыздан немесе сайттың атынан аккаунт ашып өз сілтемелеріңізді бөлісіп отырыңыз.

48. Әр жазбаға “Like” батырмасымен бірге “Tweet” батырмасын қосып қойыңыз. «Туит» батырмасын басып қалғанда сол жазбаның тақырыбы, сілтемесі сіздің сайтыңыздың туиттер аккаунты шыға келетіндей етіп жасап қойыңыз.

49. Сайт немесе блог маркетингі Twitter мен Facebook-қа ғана сүйеніп қалмауы керек. Өзге де әлеуметтік жаңалықтар парақшасын қолдана жүріңіз.

50. Мемлекеттің өзі жасаған әлеуметтік желіні де ұмыт қалдырмаңыз. Егер сіз өмір сүріп жатқан мемлекет өзіне тиесілі әлеуметтік желі жасап, қолдануға берсе, сіз ол жақтан да қалыс қалмаңыз. Себебі, әлеуметтік желілер күндердің күнінде бұғатталып, ашылмай қалуы әбден мүмкін.

Ғаламторды кемелдендіру

51. Қателік парақшасы 404. Ғаламтор әлемінде бәрінің дұрыс, ойдағыдай болуы екіталай. Сіз өзіңізде жоқ бетті немесе жазбаны сайтыңыздан табылмаса міндетті түрде «404 қателік» белгісімен қолданушыны шығарып саласыз. Дәл осы бетті сіз тиімді пайдаланыңыз. Ол ақ қалмасын. Белгілі жазбалардың сілтемесін қойыңыз немесе қайта іздеп көруге шабыттандырыңыз. Қалай дегенмен де олардың сайтты жауып тасап, кетіп қалуының алдын алуыңыз керек.

52. Өз қоғамыңыз көп қолданатын сайттар мен блогтар каталогына өз сайтыңыздың сілтемесін іліп қойыңыз. Кейде адамдар өздері кіретін сайттардан жалығып дәл осындай сайттардың тізімін беретін сервистердің қызметіне жүгінеді. Ол жаққа өз сайтыңызда не бар екенін анық жазып қойыңыз.

53. Бір сайт – бір мақала. Сайт контенті жайлы осыдан бұрын да айтқанбыз. Тағы да айта кетейік, кейде бір сайт адамдардың есінде бір ғана мақаламен не жазбамен, суретпен, видеомен қалуы мүмкін. Сіз де дәл осындай топ жаратын бір жазбаны (видео, сурет, аудио бәрі де болады) сайтыңызға қосуға тырысыңыз.

54. Барлық браузерден сынақ жасаңыз. Сіздің сайтыңызды адамдар тек Windows жүйесінен Chrome торшолғышымен қарайды деп ойламаңыз. IE браузерінің 6-7-8-9 нұсқаларын, Mozilla, Opera, Mac жүйесінің Safari браузерлерінің бәрінен өз сайтыңызды ашып қарап көріңіз. Сайтыңыздың кемелділігін сонда ғана біле аласыз. Егер бұлардың бәрін компьютеріңізге қойып әуре болудан қашсаңыз мына қызмет түрі арқылы сынақ жасауыңызға болады: https://browsershots.org/

55. Сайт жылдамдығын арттыру. Бүгінгі таңда сіз Алматы мен Астанада немесе басқа да бір ғаламторы жылдам, жақсы жұмыс істейтін қалада, сондай қызмет орнында отырып сайтымда бәрі дұрыс деп масаттана беруге болмайды. Сайтыңыз бірнеше секунд ойланып қалса сізге кірмекші болған қолданушы басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін. Қазір іздеу жүйелері де сайтыңыздың ашылу жылдамдығына қарай ақпаратты бірінші ұсына алатын деңгейге жеткен. Сондықтан, сайтыңыздың ақпараттар бетіне көп сурет, флэш баннер, алабажақ дүниені қаптата бермеу керек. Бұлар да сайттың жылдам жұмыс істеуін баяулатады. Firefox браузерінің Firebug қосымшасы арқылы сайттың қаншалықты тез жұмыс істеп тұрғанын тексеруге болады.

56. Бетті сақтау қызметі. Бұл адамдардың бетті ашпақшы болған уақытын азайтатын амалдардың бірі. Сонымен бірге серверге түскен қысымды да азайтады. WordPress жүйесінде жұмыс істеп тұрған сайттар WP Super Cache деп аталатын қосымшаны қоюына болады.

57. Сайтты қызмет өтеуі жақсы серверге қою. Сіз сайтыңыздың жылдам ашылуына қанша еңбектенсеңіз де, серверіңіздің қызмет өтеуі дұрыс болмаса бәрібір. Сондықтан, тегін немесе арзанқол хостинг қызметтерінен аулақ болыңыз немесе сайт ашардан бұрын сайты бар адамдардан сауалнама жасап, қандай компанияның хостинг қызметі дұрыс екенін біліп алыңыз.

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: sitesovety.ru