Асхат Еркімбай: "Тегін білімді алмау – өзімізге сын"

Кеше "Шәкірт назарындағы онлайн оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері" деген тақырыппен онлайн дәріс алудың артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы сөз қозғап, мамандар мен ғаламтор қолданушылардың пікірін алған болатынбыз. Бүгін сол жазбамыздың жалғасы ретінде «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай мырзаның пікірін ұсынып отырмыз.

Асхат Еркімбай, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі

Онлайн сабақтар ұйымдастырып көрген жоқпын. Алайда өзім бірнеше онлайн сабаққа қатыстым. Өткен жылы Knight Centre-нің Data Visualization деген курсына қатысқан едім. Биыл European Center of Journalism ұйымдастырған Data Journalisim курсына қатыстым. Сондай-ақ Ohio University оқытушыларының ағылшын тілін оқыту әдістемесіне қатысты курсына қатыстым. Дәл қазір Mobile Journalism бойынша америкалық журналистика орталығының курсына қатысып отырмын.

Бұл курстарды әдетте танымал оқу орындарында қызмет ететін бірнеше профессор кезектесіп жүргізеді. Курс басталмастан бұрын жалпы бағдарламасымен, ережесімен таныстырады. Курстың соңында қандай жұмыс тапсыру керектігі айтылады.

Курстың өту жүйесі Америкада оқып жүргендегі курстарыма өте ұқсас. Артықшылығы бірнеше аптаға созылатын курста бірнеше танымал маманнан дәріс аласың. Кейбір курстарда алдын ала видео лекциясы болады. Сосын міндетті түрде оқуға материал береді де, тапсырмаларын ұсынады. Тапсырмаларды бір апта ішінде орындау керексің. Мұндай тапсырмалардың арасында өзге студенттермен бірлесіп жоба жасау кіреді. Мәселен, Data Visualization курсына дүние жүзінен бес мыңнан аса студент қатыстық. Дүниенің түкпір-түкпірінде отырған төрт адам бірігіп, ортақ жоба қорғадық. Сонымен қатар апта сайын тақырыпқа қатысты пікіралмасуға қатысуға болады. Қатыспасаң ұпайың төмендейді. Әдетте ұпай тек мотивациялаудың бір тәсілі ретінде қарастырылады. Қалаған адам кейін сол ұпайының нәтижесінде курсты оқығанын дәлелдейтін сертификат алады.

Америкадағы оқу орындарында да негізінен дәл осындай талаптар қойылатын. Онлайн дәрістердің басты артықшылығы – тегін. Әлемнің маңдай алды оқу орнының курсын тегін оқисың. Мен үшін курс барысында оқуға ұсынатын әдебиеттер, ғылыми мақалалары құнды. Себебі өз саласының мамандары құнды деректерді біз үшін өздері жинақтап қояды. Оқып үлгеріп, сараптап жатсаң болғаны. Бұдан бөлек әлемнің әртүрлі елінен келгендердің пікірлерін біліп отыру да қызық. Себебі шынайы оқуда мұндай мүмкіндік бола бермейді. Үшіншіден, бес апталық курста бес түрлі профессордан дәріс тыңдайсың. Кемшілігінен бұрын қиындығы турасында айтар болсам, басты қиындығы – өзіңді қамшылау. Себебі өз бетіңше үнемі оқып, күнделікті жұмыс уақытыңның бірнеше сағатын оқуға жұмсауға әрқашан құлшыныс бола бермейді. Берілетін тапсырмалар апта сайын күрделеніп отырады. Мұндай курстарды әдетте барлық нәрседен қолды босатып оқыған немесе аптаның екі-үш күнін арнайы соған арнап оқығанда тиімді болатын тәрізді.

Бұдан бөлек интернетте видео сабақтар бар. Солардың бірнешеуін оқығаным бар. Бірі компьютерлік бағдарламалау тілдеріне арналса, екіншісі статистика курсы болды. Ондай курстарда әдетте видеоны тыңдап отырып, өз бетіңше берілген тапсырманы орындайсың. Өзге студенттермен араласпайсың. Арасында курс инструкторынан түсінбегеніңді сұрай аласың.

Білім алу – парыз. Тегін беріліп отырған білімді әлдебір сылтауларды айтып алмасақ, өзімізге – сын. Ең бастысы құлшыныс болуы керек. Мұндай онлайн курстар қазір Америкада дәстүрлі оқытуды алмастырып келе жатыр. Қателеспесем, Американың оқу жүйесі тұтастай бұған көшпейді. Себебі дәстүрлі оқу жүйесі әлі де керек. Ал тегін онлайн курстар – адамдардың білім алу құқығын жүзеге асырудың бір құралы ретінде қарастырылып отыр.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: А.Еркімбайдың жеке мұрағатынан