- Негізгі бет
- Хронология
- Телефонды 1200 жыл...
Телефонды 1200 жыл бұрын ойлап тапқан қауым
"Алғашқы телефонды ойлап тапқан кім?" деген сауал қойылса, көбі ХІХ ғасырда өмір сүрген Александр Грэхем Белл құрастырған деп жауап береді. Әрине, телефонды патенттеген Белл екені рас, алайда сөйлесу құрылғысының өзін адамзат баласы әлдеқайда ерте ойлап тапқан.
АҚШ-тың Мэриленд штатында байырғы үндістердің мәдени жәдігерлері қойылған Ұлттық Смитсон мұражайы бар. Адамзаттың алғаш ойлап тапқан телефоны да осында тұр. 1200-1400 жыл бұрын құрастырылған екен. Оны жасаған – перуан қауымы. Оңтүстік Америкада, Анд тауының етегінде гүлденген бұл өркениет – инк, майя, ацтек сынды алып патшалықтар сынды өте дамыған мәдениет қалыптастырған қауым. Бірақ XV ғасырда инк державасы басып алып, жер бетінен жойылып кетті.
Қазіргі Перу мемлекетінің солтүстік жағында қанат жайған бұл қауымның қоныстанған аумағы шөл, климаты қатаң әрі сондай жат. Алайда табиғатының қаталдығына қарамастан, перуан халқы гидравликалық суармалы жерлер өңдеп, шөл даланы ауыл шаруашылық мекеніне айналдырған.
Мұндай қабілетті халықтың заманауи құрал жасамауы, өндірмеуі мүмкін емес. Олар ойлап тапқан телефон жүйесі қазіргі смартфон желісінің жұмысына өте ұқсас. Құрылғының құрылымы қарапайым. Екі қауынды екіге жарып дыбыс қабылдағыш ретінде екі жаққа қойып, арасын 22 метрлік жібектен өрілген жіппен жалғаған. Ал қауынның жарылған тұсын теріден тоқылған жұқа мембранамен қаптаған. Бұл дыбыс үдеткіш қызметін атқарады.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай құрылғыны бай-бағландар мен патшалар, дінбасылар қолданса керек. Соған қарағанда құпия нәрселерді бір-біріне осы «телефон» арқылы жеткізген көрінеді.
Әзірше, көне телефонның тек бір ғана данасы табылды. Қалай десек те, жазуы мен сызбасы жоқ, қала мен құрылысты жобалауды білмеген бұл қауымның мұндай құрылғыны жасап шығаруы, шынымен, көне мәдениет үшін үлкен жетістік.
Перуан қауымының тағы бір жетістігі – қала тұрғызуы. Патшалықтың гүлденген уақытында Чан-Чан қаласы соғылған. Елдің астанасы болған бұл қаланың ерекшелігі де сол – күйдірілмеген кірпіштерден салынуы. Қаланың ішінде 10 мың ғимарат болған. Кей ғимараттың сыртында биіктігі 10 метр болатын дуалдар тұрғызылған. Сол дәуірде қала халқы 60 мың адам болған.
Патшалықтың саяси құрылымы – монархия, яғни бір ғана билеуші. Қолөнершілер мен суретшілердің еңбегі жоғары бағаланған. Абыздар күнге табынған.
Жоғарыда айтқанымыздай, перуан қауымы мекендеген жер – шөлейт аймақ. Шөл даланы тіршілік мекеніне айналдыру үшін су керектігі түсінікті. Ал қалаға су тарту үшін өзеннің солтүстігінен 80 шақырымдық арна қазып, ауыз су әкелген. Арна 1000 жылы қазылған екен.
Перуан патшалығы 1470 жылы құлады. Сол заманның алып державасы болған Инктер империясы инженерия саласында біршама жетістікке жеткен бұл қауымды жерден жоқ қылып жіберді. Аман қалған шеберлер инктердің Куско қаласына қоныс аударып, мәдениетін сонда жандандырды.
Чан-Чан қаласының қирандысын тапқан басқыншы испандар мол олжаға, байлық пен алтынға кенелген екен. Қазіргі бағамен есептеген 2 миллион доллардың қазынасын тапқан көрінеді.
Қ. Слямбек