Таулы Қарабақ – Кавказ тауының етегіндегі аймақ, Арменияның шығыс жақ жотасында. 150 мыңға жуық халқы бар. Негізінде, армяндар қоныстанған. Бұрын әзербайжандар да болған. Алайда 1988-1994 жылдары Қарабақ үшін болған әзірбайжан-армян соғысында жеңіліп, Әзербайжанның ішкі өңірлеріне көшіп кеткен.
Қазір бұл аймақ армяндардың бақылауында. Нақтырақ айтсақ, Таулы Қарабақ не Арменияның да, не Әзербайжанның да құрамына енбейді, автономиялы округ (Таулы Қарабақ Республикасы) саналады. Таулы Қарабақтағы армяндардың мақсаты – округты тәуелсіз ел ретінде жариялап, Арменияның құрамына ену. Ал Әзербайжанның мақсаты – бұған мүмкіндік бермеу, 1990 жылдары уысынан шығарып алған аймақты қайта құрамына қосу. КСРО кезінде бұл аумақ әзербайжан елінің құрамында болатын.
Қарабақтың тарихы
"Қарабақ" сөзі көне түркі тілінің "қара" және парсы тіліндегі бау-бақша мағынасын беретін "бақ" сөздерінің қосылуынан пайда болған. "Бай бақ" деген мағынаны береді.
Таулы Қарабақты ежелгі заманда түрлі тайпалар мекендеген. Б.з.д. IV ғасырда Армян патшалығының құрамына еніп, жергілікті тайпалар армяндармен сіңісіп кетеді. Грек тарихшылары Геродот пен Ксенофонттың жазуынша, бұл аумақта армяндар б.з.д. VII ғасырда-ақ қоныстанған. Б.з.д. IV – б.з.д. ІІ ғасырға дейін армяндардың Ервандидтер патшалығының құрамында болса, б.з.д. ІІ ғасырдан біздің заманымыздың 390 жылдарына дейін Ұлы Армения құрамында болған. Көне дәуірде аймақ – Арцах деп аталған (армян тілінде). Арғы замандарда армяндардың жері болғандықтан, бұл аумақта армян мәдениеті дамып өркендеген.
ІХ ғасырдың басында армяндардың Хачен феодальды княздігі орнап, армян мәдениеті гүлденген дәуір болды. Ал XVII ғасырда Хачен елі құлап, бес армян княздігі құрылады. Одан кейінгі жылдары да аймақ армян мәліктерінің иелігінде болды.
ХVIII ғасырдың ортасында Осман империясының қысымы күшейіп, Таулы Қарабақ армян ұлттық азат ету қозғалысының орталығына айналды. Алайда түріктердің басып алуымен бұл аумақта 1747 жылы Қарабақ хандығы құрылады. Енді бұл аумақта түрік тектес халықтардың билігі күшейіп, армян мәліктері бағыныштыға айналды. Осыдан 18 ғасырдың ортасынан бастап армяндар бұл жерден жаппай қоныс аудара бастады.
18 ғасырдың аяғына таяу парсылардың иегіне өткен Таулы Қарабақ 1805 жылы орыс-парсы соғысынан кейін Патшалы Ресейдің құрамына еніп, 1813 жылы екі елдің арасында бейбіт келісім жасалып, аумақ уақытша орыстардың қолында өтеді. Кейін бұл аумақта Елизаветполь губерниясының уезі құрылды.
Осы жылдары Ресей патшалығы Иранның ішкі өңірлеріне көшіп кеткен армяндарды қайтарып, Таулы Қарабақта армяндардың билігін күшейте бастады. Тарихшылардың айтуынша, мұны орыс патшалығы Түркия мен осы маңдағы түрік тектес мұсылмандардың бірігіп билігінің күшейіп кетуіне төтеп беру үшін жасаған.
ХІХ ғасырдағы халық санағына қарағанда Таулы Қарабақтағы халықтың үштен екі бөлігін әзірбайжандар құраған. Қалғаны – армяндар.
Даудың басы – Дайрабайдың сиыры
Таулы Қарабақта әзербайжандардың көбеюі Арцахты тарихи отаны, ата-бабасының қасиетте мекені санайтын армяндарға ұнамады. Содан екі ірі халықтың арасында дау-дамай басталып, 1918-1920 жылғы армян-әзербайжан соғысына ұласты. Армян ұлтшылдары бастаған бұл соғыста әзербайжандар жеңіп шығып, аумақ түрік-әзербайжандардың иелігіне өтіп кетті. 1919 жылы 22 тамызда жасалған армян-әзербайжан келісіміне сәйкес, Қарабақ Әзірбайжанның иелігіндегі жер деп мойындалды.
Кейін екі ел де Кеңес одағының құрамына енгеннен кейін Коммунистік партияның Орталық комитеті Таулы Қарабақты Әзербайжанға беру туралы шешім қабылдады. Аймақта Таулы Қарабақ автономиялы мемлекет құрылып, Әзербайжан КСР-не қосылады.
КСРО кезінде армяндар мен әзербайжандардың арасында кикілжің бола қоймады. Бірақ тоқырау жылдары кеңес құрамындағы елдер тәуелсіздік ала бастағанда Таулы Қарабақ автономиясы Әзербайжаннан бөлініп, Арменияға қосылуға әрекет жасады. Ескі жараның аузы ашылып екі елдің арасындағы бұрынғы жанжал қайта жанданды.
Армяндардың уәжі
Армяндардың уәжіне сенсек, Таулы Қарабақ – бұрынғы Арцах өлкесі – армян халқының қасиетті мекені, атажұрты. Алайда парсы, орыс және түріктердің араласуымен бұл аумақ әзірбайжандардың қолына өтіп кетті. Ал кеңес одағы кезінде аумаққа иелік еткен Әзербайжан КСР басшылары мақсатты демографиялық саясат жүргізіп, Таулы Қарабаққа әзербайжандарды қоныстандырды. Содан Қарабақта армяндардың үлес салмағы 80 пайызға дейін азайып кетті.
Әзербайжанның уәжі
Әзербайжандардың уәжі бойынша Таулы Қарабақ – түркі хандары мен әзербайжан халқының танымал тұлғалары шыққан атажұрт. Таулы Қарабақ әзербайжандардың тарихи және мәдени мекені. ХІХ-ХХ ғасырдағы әзербайжан қайраткерлерінің көбі осы жерден шыққан. Таулы Қарабақ – оғыз қағандары билік құрған жер әрі әзербайжандардың ұлт ретінде қалыптасуына негіз болған аймақ. Тіпті, әзербайжан тарихшыларының зерттеуінше, түркі халықтарына ортақ Қорқыт ата осы мекенде туып-өскен әрі Қорқыт ата кітабын да осы жерде жазған.
Әзербайжандардың ойынша, армяндар – бұл аумаққа Иран мен Түркиядан Патшалы Ресейдің қолдауымен қоныс аударған халық. Мұны Ресей Кавказ аймағында христиан халықтарының рөлін арттыру мен қуатты түркі халықтарының күшін кеміту үшін ұйымдастырған. Ереван мен Нахчеван хандығының орнынаа І Николайдың жарлығымен Армян облысы құрылып, 1828-1830 жылдары Ираннан 40 мың, Осман империясынан 84 мың армян көшіріліп әкелінді. Ал бұған дейін Ереван хандығының ұлттық құрамы 50 мың мұсылман мен 20 мың армян болған көрінеді.
Ал 1920 жылдары армяндар Мәскеумен жақын араластығы арқасында Қарабақты автономиялы округ ретінде құруға қол жеткізді. Мәскеу аймақты бақылауда ұстау үшін әрі "бөліп ал да билей бер" саясатын ұстанып осындай қадамға барды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Таулы Қарабақтағы әзербайжандарды шетке көшіру саясаты белең алды. 1948-1953 жылдары Арменияның таулы аймағындағы 100 мыңнан аса әзербайжан етекке – жазыққа қарай көшірілді.
1988 жылғы жанжал
1988 жылдан 1994 жылға дейін Армения мен Әзербайжанның арасында екі рет соғыс өрті тұтанды. Қанды қақтығысқа ұласып, соғысқа авиация мен танк тартылды. Кейбір деректерге қарағанда, 40 мыңға жуық адам мерт болған. Ал АҚШ-тың Мемлекеттік депаратаментінің есептеуінше, 25 мың адам көз жұмған. Америка тілшісі Томас Гольцтің зерттеуінше, 35 мыңға дейін адам қайтыс болған, көбі – әзербайжандар.
Осы жылдары Таулы Қарабақтағы әзербайжандар босып, Әзербайжанға қашты. Содан Әзербайжандағы армяндардан кек алу басталды. Бұған жауап ретінде Армения өз аумағындағы әзербайжандарға қысым күшейтті. Сол жылдары Әзербайжанда армян қалмады, бәрі көшіп кетті.
Соғыс Арменияға зардабы көп болды. Ел электр қуаты мен газ құбырларынан айырылды, аштық жайлады. Таулы Қарабақтағы көне армян ескерткіштері қирады. Оның ішінде 21 шіркеу күл талқан болды. Әзербайжанда армянофобия күшейіп, елдегі армян тарихи ескерткіштерінің бәрі қирады.
Ал Әзербайжан иелігіндегі территорияның көбінен айырылып қалды.
2020 жыл шілде
12 шілде күні екі елдің арасында тағы бір кикілжің орын алды. Әзербайжандар шекарадағы Армян елдімекендеріне шабуыл жасады. Кезекті конфликтінің басталуына армян шекарасына, яғни, бейтарап аймаққа адасып кіріп кеткен әзербайжан әскерилеріне армян шекарашыларының оқ жаудыруы себеп болған.
Атыс Таулы Қарабақта емес, одан алыста армян-әзербайжан шекарасында орын алды. Бүгінгі деректерге қарағанда, 12 әзербайжан, 4 армян әскери қызметкері қаза тапты.
Шекаралары жабық
Армения мен Әзербайжанның арасында әлі бейбіт келісім болмағандықтан әрі 1994 жылы жасалған атысты тоқтату туралы келісімге сәйкес екі елдің арасындағы шекара жабық.
Әзербайжан мен Армения сынды территорияны бөлісе алмау, оның соңы ғаламдық дам-дамайға айналу – жиі кездесетін жағдай. Олардың көбі әміршілік-отаршылық жүйе орнаған елдерде орын алатынын байқауға болады. Солардың кейбіріне тоқталып өтсек...
Үндістан мен Пәкістан
Үндістан ұзақ жылдар бойы Ұлыбританияның отарында болғаны белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Англия Азиядағы отарлаған елдерінен бас тартып, Британиялық Үндістанды екіге – мұсылмандар мен индуистерге бөлді. Мұсылмандар Пәкістанға, индуистер Үндістанға ие боп қалды. Ал мұсылмандар да, үндістер мен будисттер тұрып жатқан Кашмир аймағы сол бәсіреге түскен жоқ.
Алғашқы соғыс 1947 жылы-ақ басталған. Қазір Кашмир жан-жаққа бөлініп кетті: Үндістанның иелігінде 10 млн халқы бар Джамму мен Кашмир штаты, Пәкістанның иелігінде 3,6 млн халқы бар Азат Кашмир мемлекеті мен 1 млн халық қоныстанған Гилгит-Балтистан аймағы, тағы 38 мың шаршы шақырым Қытайдың қоластында қалды.
Үндістан мен Пәкістанның арасында үш рет соғыс болды. Сондай соғыстардың бірінен кейін Пәкістанның шығысында Бангладеш мемлекеті құрылды.
Екі елдің арасындағы жанжал әлі шешілген жоқ. БҰҰ-ның күн тәртібіндегі әрі дүниежүзілік маңызы мен салдары бар конфликтіге айналған.
Израиль мен Палестина
Израиль мен Палестина елдері арасындағы жанжал – араб пен еврей халықтары арасындағы алауыздықтың құрамдас бөлігі. Қазіргі Израиль территориясында Ұлыбританияның отарына дейін арабтар тұрған. Еврейлердің саны аз болатын. ХІХ ғасырдың ортасындағы деректерге қарағанда Палестина аймағындағы халық саны – 400 мың адам болған, оның 6 мыңы – еврейлер. Палестинаның өзі Осман империясының кедей провинциясы болды.
ХІХ ғасырда Еуропада Араб түбегіне жақын маңда көне еврей мемлекетін қалпына келтіру идеясы туындады. Ағылшын отарлаушылары мен Америка меценаттарының қолдауымен Израильге қарай жаппай еврей көші басталды. Атажұртына оралған еврейлер бірігіп, мемлекет құру ісіне кірісіп кетті.
Ал 1948 жылы араб пен еврей жұртының арасында алғашқы қақтығыс болды. БҰҰ бұл мәселені Палестина мен Израиль атты екі мемлекетті құру арқылы шешпек болды. 1948 жылы 14 мамырда Израиль мемлекеті құрылды. Мұны араб елдері қолдай қоймады. Содан израиль-палестина соғысы басталды. Соғыстан Палестина жеңіліп, Голан тауы, Синай жартылай түбегі мен шығыс шекарасынан айырылды.
Қазір Палестина мен Израиль Газа секторы мен Иордан өзенінің шығыс жағалауын бөлісе алмай отыр.
Оңтүстік және Солтүстік Корея
Кәріс түбегіндегі жанжал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды. Кеңес Одағы мен АҚШ түбекті екіге бөліп, билігін күшейтті. Қос Корея бірнеше жыл соғысып, бір-бірі жеңе алмады. 1953 жылы 38-ші параллель бойында соғысты тоқтату туралы келісім жасалды. Бірақ бейбіт келісім әлі жасалған жоқ. Миллиондаған адам қаза болып, кәріс түбегіндегі инфрақұрылымның 80 пайызы қирады. Ал Кеңес одағы мен Америка арасындағы алауыздық қырғи-қабақ соғысқа айналды.
Қазір Кеңес одағы құласа да, Солтүстік Корея коммунисттік диктаторлық жүйеде қалып отыр. Екі елдің арасындағы шекара жабық.
Түркия мен Күрдстан
Күрдтер – Түркиядағы саны басым парсы тектес ұлт, мемлекет халқының 20 пайызын құрайды. Түркиядағы күрдтердің саны шамамен 20-25 миллион. Күрд – ХХІ ғасырдағы мемлекеті жоқ ең үлкен ұлт.
1984 жылы Түркия үкіметі мен Күрдістан жұмыс партиясы сарбаздарының арасында қақтығыс орын алып, әлі күнге дейін жалғасуда. Күрдтердің мақсаты – Түркиядан автономиялық аймақ құру.
Күрд қозғалысы 1920 жылдан басталған. Бірнше көтеріліс жасағанымен нәтиже болмады. 1961 жылы Ирактағы күрдтер көтеріліп, аймақтағы жағдай шиелінісе түсті. 1978 жылы Күрдістанның жұмыс партиясы құрылып, әскери-саяси ұйымға айналды. Содан Түркия мен Иракта партизандық соғыс басталды. Соғыс әлі тоқтаған жоқ.