Рашмор тауында неге президенттер бейнеленген?

Америкалықтардың өмірге деген құштарлығын оятатын АҚШ президенттерінің бас мүсіндері алғашында жоспарда жоқ болатын.

1924

АҚШ өз тәуелсіздігін алғанға дейін Оңтүстік Дакотаны лакота үндістері мекендеген. Мұнда америкалықтар алтын қорын тапқаннан кейін үндістерді резервацияға күштеп көшіреді. Ал алтынның қоры таусылғаннан соң, орталық Америкадағы жайсаң дала қаңырап бос қалады. Тарихшы Доун Робинсон Рашмор тауының ең биік жотасына лакота көсемі Қызыл Бұлт пен америкалық зерттеушілер Льюис және Кларктардың мүсінін салып, Оңтүстік Дакотаны туристік аймаққа айналдыруды ұсынады. Сосын жоспарды жүзеге асыруды Гатсон Борглум есімді мүсінші қолға алады. Бірақ аталған кісілердің макетін ел президенттерінің бас мүсіндері ауыстырады. Жобалаушы мүсіншілер тек сол аймаққа ғана белгілі болған тұлғалардың бейнесі туристерді өзіне тарта алмайтынын ескеріп, АҚШ тарихындағы беделді төрт президенттің мүсінін таңдап алады.

1935

Сәулет жұмыстары 1927 жылы басталады. Басында Борглум АҚШ президенттерінің басынан беліне дейінгі мүсінін жасауды жоспарлаған болатын. Дегенмен, оны жүзеге асыру барысында динамиттердің жарылысы мүсіннің басқа бөліктеріне кері әсерін тигізеді. Оған қазіргі Джефферсон бас мүсініндегі жарықтар дәлел бола алады. Ел азаматтарының басынан төменгі жағын қалыпқа келтіре алмағаннан кейін, Борглум мүсіндердің астына Тәуелсіздік Декларациясы мен АҚШ Конституциясын қашап жазуды ойластырады. Дегенмен, 1941 жылы бас мүсінші өмірден озады. Артынша Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, қаржыландыру мүлде тоқтап қалады. Бүгін біз білетін саулет өнері негізінде аяқталмаған еді.

2014

АҚШ-тың орталық аймағында орналасқан Рашмор тауындағы тамаша тарихи туындыны көруге жыл сайын 3 миллион турист келеді екен. Елдің дамуына бірқанша үлес қосқан президенттер енді АҚШ-тың туристік саласын дамытуға ат салысып жатыр.

Сурет: total3d.ru