Ғылымда "малярия" атанып кеткен безгек ауруымен заманауи медицина да күресе алмай отыр. Жыл сайын безгекпен 500 миллион адам ауырады. Оның жартысына жуығы көз жұматын көрінеді.
Бұл індетке қарсы екпе жасалғанымен, аурудың алдын алу қазіргі медицинаға да ауырлық түсіруде. Безгек өте көне дәуірде пайда болғандықтан, одан оңай арыла қою екіталай. Ауру вирусы бұдан миллиондаған жыл бұрын қалай болды – әлі күнге дейін сондай, өзгерісі жоқ.
Безгек плазмодиясына (ауру қоздырғыш паразит) жасалған генетикалық зерттеу аурудың жүздеген миллион жыл бұрын пайда болғанын көрсеткен. Ғалымдардың айтуынша, шыбын-шіркей 200 миллион жыл бұрын пайда болған, демек індеттің көзі де сол кезде шықса керек. Плазмодия сол уақытта паразитке, ауру қоздырушы, таратушы денешікке айналды.
Мұны генетиктер мен биологтар ғана емес, археологтар да қуаттап отыр. Мәселен, АҚШ ғалымдары Мьянма түбінде қазба жұмыстарын жүргізгенде, кәріптасқа жабысып қалған масаның денесін тапқан. Жәндік жақсы сақталып қалған. Зерттей келе масаның осыдан 100 миллион жыл бұрын өмір сүргені белгілі болды. Ең қызығы да сол – жәндіктің асқазанынан безгек плазмодиясының табылғаны.
Биологиялық және археологиялық зерттеулерден безгек ауруының ең көне әрі әлі күнге дейін құрылысын да өзгертпеген, қауіптілігін де жоғалтпаған індет екенін аңғарамыз. Шамамен, бұл – динозаврлар өмір сүрген дәуір. Кей ғалымдардың айтуынша, динозаврлардың қырылып қалуына ғаламдық катаклизммен бірге безгектің те залалы тигізген.