Алматыдағы сирек кездесетін кітаптар мұражайы. 1-бөлім

Алматыдағы сирек кездесетін кітаптар мұражайы. 1-бөлім

2-бөлім

3-бөлім

4-бөлім

5-бөлім

Алдағы уақытта оқырмандарды Алматыдағы сирек кездесетін кітаптар мұражайы туралы дайындалған репортаждармен таныстыратын боламыз. Сондықтан алдымен бұл орын жайлы кіріспе ақпарат беруді жөн санап отырмыз.

Сирек кездесетін кітаптар мұражайы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2010 жылғы 1 маусымдағы №35 бұйрығына сәйкес құрылған.

Мұражайда XVIII-XIX ғғ. мен ХХ ғ. 40 жылдары аралығын қамтитын 500-ден астам сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың мол қоры жинақталған. Қорда тарихи-мәдени және ғылыми құндылыққа бай араб, латын және кириллица шрифтерімен жазылған көне баспа кітаптары бар.

Сонымен қатар, Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің дамуына едәуір үлес қосқан ағартушы-ғалымдардың еңбектері мен қазақ ауыз әдебиетінің алғашқы басылған кітаптары жинақталған. Мұражай сөрелерінен бұдан басқа қазақ халқының этнографиясын, әдебиеті мен тарихын зерттеген ғалымдардың кітап топтамаларын, XVIII-XIX ғасырлардағы ақын-жазушылардың туындыларын тамашалауға болады.

Мұражай «Ғасырлар қойнауындағы асыл мұралар» атты 4 тұрақты көрмеден тұрады.

Көрмеде қазақ кітаптарының қолжазба күйіндегі бастапқы түрінен бүгінгі полиграфиялық мәдениетке дейінгі шежіресі көрсетіледі, халқымыздың әр ғасырдағы рухани мәдениеті туралы сыр шертіледі.

Бірінші, «Байырғы жазба мұралары» атты тақырыптық экспозицияда Алтай тауының сілемдерінен және Тарбағатай шатқалынан табылған қазақ жерінің көне таңба жазулары, сонымен қатар көне түркі руна жазбалары ұсынылған.

Тарих және этнография ғылымдарының қайнар көзі және негізі ретінде қолжазба кітаптардың маңызын ашатын, екінші, «Қолжазбалар – ғасырлар мұрасы» экспозициясы мұражайға келушілерді Орталық Азия мен Қазақстанның ортағасырлық қолжазба дәстүрімен таныстырады. Экспозицияда Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің, Балуан Шолақтың, Біржан салдың және басқалардың қолжазба өлеңдер жинақтары қойылған.

Үшінші экспозицияда, "Отандық көне басылымдар" жәдігерлері сақталған.

Төртінші, «Қазақстанның жазба және баспа ескерткіштері» экспозициясында қазақстандық алғашқы баспа өнімдері ұсынылған. Көрмеге қойылған жәдігерлер арқылы ұлттық баспасөздің пайда болуының алғышарттарымен және тарихи фактілерімен, алғашқы қоғамдық газеттердің тарихымен және тағдырымен танысуға болады, сонымен қатар латын графикасындағы қазақ кітаптары cақтаулы.

Массагет алдағы уақытта әрбір көрмеге жеке тоқталып, мұражайдың ғылыми қызметкері Тимур Талғаттың әңгімелерін ұсынатын болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ©Еркебұлан Қайрахан

Massaget