Алаш руханиятының шежіресі #2

Алаш руханиятының шежіресі #2

Алаш руханиятының шежіресі #1

1916 жыл

Орынборда А.Байтұрсынұлының  «Оқу құралы. Усул сотиемен тәртіп етілген қазақша алифба», «Оқу құралы. Бастауыш метепте екінші жыл оқылатын «қираған кітабы» атты бірінші жылдық кітаптары жарық көрді.

«Қазақ» газетінде Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың «Алаштың азаматтарына» атты үндеуі жарық көрді.

Омбыда «Балапан» атты қолжазба журналы шыға бастады. Редакторы – Қ.Кемеңгерұлы.

Ташкентте «Алаш» газеті шыға бастады. Редакторы – К.Тоғысов.

1917 жыл

Орынбор қаласында Торғай облыстық қазақ съезі өтті. Съезде жалпықазақ съездін шақыру жөнінде мәселе көтерілді. Съезд төрағалығына А.Байтұрсынұлы сайланды.

Омбыда қазақ жастарының съезі өтті.

«Қазақ» газетінде Ә.Бөкейханның, М.Шоқайдың, М.Дулатовтың «Алаш ұлына» атты үндеу-мақаласы жарық көрді.

«Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы» жарияланды.

Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі болды. Съезде мемлекеттік құрылыс, Қазақ автономиясы, жер, оқу, дін, қазақ саяси партиясы, әйел, құрылтай жиналысына, мұсылмандар кеңесіне депутаттар сайлау, партия бағдарламасын дайындау мәселелері көтерілді.

Орынборда Екінші жалпықазақ съезі болды. Съезде Алашорда үкіметі құрылды, Алаш автономиясы жарияланды. Алашорданың төрағасы болып баламалы негізде Ә.Бөкейхан сайланды. «Алаш» партиясының бағдарламасы қабылданды.

Оралда, Семейде, Омбыда, Алматыда, Торғайда қазақ комитеттер құрылды, облыстық қазақ съездері өтті.

«Сарыарқа» газеті шыға бастады. Шығарушылары – Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков.

«Бірлік туы» газеті шыға бастады. Шығарушысы – М.Шоқай.

Ташкентте Түркістан мұсылмандарының II құрылтайы өтті.

Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланды. Төрағасы – М.Тынышбаев.

1918 жыл

Ташкентте А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы)» атты кітабы жарық көрді.

Семейде Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің ұйымдастыруымен «Абай» журналы шыға бастады.

С.Торайғыровтың Алаш қайраткерлеріне арналған «Таныстыру» поэмасы жазылды.

«Бірлік туы» газетінде Х.Болғанбаевтың «Алаш автономиясы» мақаласы жарық көрді.

1919 жыл

«Қазақ тілі» газеті шыға бастады. Редакторы – М.Тұрғанбаев.

«Жизнь национальностей» газетінде А.Байтұрсынұлының «Революция и киргизы (казахи)» атты мақаласы жарияланды.

1920 жыл

Қазанда, Ташкентте, А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал. 1 жылдық» атты кітабының 2 басылымы, «Тіл – құрал (қазақ тілінің сар-фы), «Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Екінші жылдық» атты кітаптары жарық көрді.

Қазақстан баспасы ашылып, құрамына Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Х.Болғанбаев, С.Сәдуақасұлы енген сараптау алқасы құрылды.

«Ақ жол» газеті шыға бастады. Редакторы – С.Қожанов.

1921 жыл

Қызылордада А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы», Семейде «Оқу құралы (Үлкендер үшін), «Оқу құралы. Жаңа жолмен тәртіп етілген қазақша әліппе», Ташкентте «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліпбиге баяншы», Орынборда А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе» атты бірінші кітабы, «Оқу құралы. Қазақша әліпби» атты кітаптары жарық көрді.

1922 жыл

Қазанда Б.Күлеевтің ұйтқы болуымен Абай, М.Жұмабаев, С.Торайғыров кітаптары жарық көрді.

Ташкентте, А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл – құрал» атты кітаптары, «Еңбекші қазақ» газетінде «Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақаласы жарық көрді.

«Шолпан» журналында Х.Досмұхамедұлының «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан», «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» атты мақалалары жарық көрді.

Орынборда М.Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы жарық көрді.

«Талап» ұйымы құрылды. Төрағасы – Х.Досмұхамедұлы.

Мәскеуде «Күншығыс» баспасы ашылды. Мұнда Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев, Н.Төреқұлов т.б. қызмет атқарды.

Ташкентте «Шолпан» журналы шыға бастады.

1923 жыл

«Қазақ тілі» газетінде А.Байтұрсынұлының «Қазақша жазу тақырыпты жаңа жазу ережелері» атты мақалалары жарияланды.

«Шолпан» журналында Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев, Ә.Диваевтың «Қазақ емлесі» (жазу) атты жаңа ережелері жарық көрді.

Т.Шонанұлының «Қазақ тілінің оқу құралы» (Орыс мектептері үшін) атты кітабы шықты.

Орынборда Н.Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабы жарық көрді.

Ташкентте «Сана» журналы шыға бастады.

Мәскеуде «Темірқазық» журналы шыға бастады. Редакторы – Н.Төреқұлұлы.

"Алаштың" тілдік мұрасы кітабынан, 2009 жыл

 

Жалғасы мұнда

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: baq.kz

О. Сансызбай