- Негізгі бет
- Хабарландыру
- Техникалық жоғарғы оқу...
Техникалық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған байқау басталды
Бүгін еліміздің барлық техникалық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған байқау басталды. Байқаудың 20 жеңімпазы жыл бойы әр ай сайын 25 мың теңге көлемінде өздерінің негізгі шәкіртақысына қосымша ақшалай көмек алып тұрады.
Байқаудың ұйымдастырушысы - Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.
Бағдарламаның ережесі байынша үміткерлер қазақстандық университеттердің күндізгі бөлімінің 2-3 курс бакалавриатында немесе 1-курс магистратурасында оқитын Қазақстан азаматтары болуы тиіс. Қазақстанның ұлы геологы Шахмардан Есеновтың атаулы шәкіртақысы дәстүр бойынша геологиялық, техникалық, инженерлік және IT мамандықтарының білімгерлеріне тағайындалған. Қордың шәкіртақысының тағайындалуы студенттің қандай да басқа шәкіртақы алу құқығын ешбір жағдайда жоймайды. Бағдарлама аясында әдетте 5 шәкіртақы беретін болсақ, Академиктің 90 жылдығына орай шәкіртақы санын 20-ға дейін ұлғайтуға шешім қабылдадық, - деп қордың атқарушы директоры Айғаным Мәлішева баяндады.
Шәкіртақы алушыларды іріктеу барысында оқу үлгерімі жоғары, оқу орнының ғылыми және қоғамдық өмірінде белсенділік көрсететін жастардың басымдылығы болады. Екі сатыдан тұратын байқауды қордың сарапшылар кеңесі өткізсе, жеңімпаздар тізімін қамқоршылар кеңесі бекітеді.
Байқауға қытысу үшін біздің электрондық поштамызға info@yessenovfoundation.org өтінім мен басқа да қажетті құжаттарды жіберу қажет. Сәуір айының басына қарай 20 жеңімпаздың есімдерін жариялаймыз деген жоспарымыз бар, – деді бағдарламаның үйлестірушісі Елзира Алдағарова.
Шахмардан Есенов – Қазақстанның ұлы ғылыми және саяси қайраткері, ҚазКСР геология министрі, ҚазКСР ғылымдар Академиясының президенті, академигі және геологы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Ленин сыйлығының лауреаты, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол – әлемдегі ең ірі Жезқазған өңірі мен Маңғыстау облысындағы пайдалы жер асты қазбаларына толы кен орындарын алғаш ашып, игерушілердің бірі.
Р. Роза