- Негізгі бет
- Хабарландыру
- Маңғыстауда үздік ескерткіш...
Маңғыстауда үздік ескерткіш эскизіне байқау жарияланды
Облыста денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосып, кейін бақилық болған ақ халатты абзал жандарға әріптестері ескерткіш орнатуды қолға алды. 26-шағынаудандағы Маңғыстау облыстық ауруханасы кардиохирургиялық орталығы ғимаратының жанындағы субұрқақтың қасына орнатылатын ескерткіштің эскизіне байқау жарияланды. Байқауға облыстағы қылқаламды жанына серік еткен суретшілер қатыса алады. Жүлде қоры – 200 мың теңге.
– Мен бақилық болған дәрігер әріптестеріме ескерткіш орнату жөніндегі идеямды жүзеге асыру үшін өткен жылы Ақтау қаласының әкіміне, қалалық құрылыс бөлімінің басшыларына барып, ақылдасып, ойымды айттым. Бұл идеяны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев та қолдады. Қаражат жағынан дәрігерлер көмектеседі. Облыстағы кейбір медициналық мекемелер 1 күндік жалақыларын жинап беруге шешім қабылдады. Осылайша 7 милионнан астам қаражат жинадық. Астанадан тапқан сәулетші-мүсінші – 18 миллион, алматылық мүсінші 15 миллионға жасайтыны жөнінде ұсыныстарын білдірді. Жаңа ескерткіштің эскизіне байланысты өз ұсынысын ирандық, алматылық сәулетшілер айтқан еді. Бұл жобаға маңғыстаулық суретшілерді де тартқымыз келеді, сол себептен байқау жариялағанды жөн санадық. Жерлестерді белсенді болуға шақырамыз,-дейді «Ардагер дәрігерлер ассоциациясы» МОФ төрағасы Сәбит Кузанов.
Бүгінде облыстық аурухананың ауласына ағаштар отырғызылып, арнайы демалу бағы жасақталған. Енді алдағы мақсат-бақтағы субұрқақтың қасынан ескерткіш орнату.
@. @assel_assanova