- Негізгі бет
- Хабарландыру
- Кешенді тестілеудің алғашқы...
Кешенді тестілеудің алғашқы екі күнінде 4 талапкер мүмкін болған 100 балды жинай алды
19-20 шілдеде өткізілген тестілеуге 53618 талапкер қатысты, оның ішінде 34505 талапкер қазақ тілінде, 19107 талапкер орыс тілінде тестілеу тапсырды, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы. 2 күн ішінде өткізілген тестілеуде 4 талапкер мүмкін болған ең жоғары балл - 100 балды жинады. Олар:
- Тәттіғалиев Ерлан Манапұлы - Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті (Алматы қ.) жанындағы базалық ЖОО-да тестілеу тапсырған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті колледжінің түлегі (Алматы облысы, Талдықорған қ.);
- Бұқатаев Руслан Маратұлы – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті (Ақтөбе қ.) жанындағы базалық ЖОО-да тестілеу тапсырған. Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің түлегі;
- Асанов Бауыржан Үсенбайоғлы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Шымкент қ.) жанындағы базалық ЖОО-да тестілеу тапсырды;
- Қабашова Жанна Мұратбекқызы – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті (Өскемен қ.) жанындағы базалық ЖОО-да тестілеу тапсырған. Өскемен медициналық колледжінің түлегі.
Бірінші күні тестілеу 40 базалық ЖОО-ның, екінші күні – 33 ЖОО-ның базасында өткізілді.
Алғашқы күні тест тапсыруға 28680 талапкер өтініш бергенімен, оның 906-сы қатыспаған. Ал шектік көрсеткішке 18834 талапкер қол жеткізе алған. Екінші күні де өтініш білдіргендердің ретінен 872 талапкер тест тапсыру орталығына келмеген. Олардың шектік көрсеткіш өту саны 17130 талапкерді құрап отыр.
Барлық тестілеу өткізілген пунктте тестілеу нәтижелері уақытында шығарылып отырылды, тестілеу нәтижесінің айтарлықтай кешіктірілуі тіркелген жоқ.
Тестілеу нәтижесімен келіспеген талапкерлердің әрбір базалық ЖОО-да құрылған апелляциялық комиссияға тестілеу тапсырғаннан кейінгі келесі күні сағат 13:00-ге дейін өтініш беруге мүмкіндіктері болды. Апелляцияға өтініштер тестілеу тапсырмасының мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да қабылданды.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: alau.kz
Ж. Өрісбай