Білім және ғылым министрі оқулықтардың не үшін сапасыз шыққанына жауап берді

Білім және ғылым министрі оқулықтардың не үшін сапасыз шыққанына жауап берді

Еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жұртшылық көкейінде жүрген бірнеше сұраққа 24 арнаның тікелей эфирінде жауап берді.

Эфир барысында сапасыз оқулықтарға қатысты шешілмей келген түйінді мәселелер қозғалып, оқулық құрастырушылардың жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Оқулықты мақұлдау 2-3 айдың ішінде дереу жүргізіледі. Кітаптың сапасыздығы да осыдан. Осы ретте үш тарапты да жауапкершілікке тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар кітап басу нарығында бәсекелестік орнату қажет», - деді.

Бүгінгінің өзекті мәселелерінің бірі Ұлттық бірыңғай тестілеу туралы да айтылып өтті. Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, келер жылдан бастап жүйе өзгеретін болды. Нақты қалай өзгеретінін алдағы уақытта білетін боламыз. Сондай-ақ, кездесуде мектеп оқушыларына әлімжеттік көрсету жайы сөз болды. Министр шәкірттерін қорлаған ұстаздар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

«Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау аудан, облыстық деңгейде жүргізіледі. Бірақ бұған біз жауап бермейміз деп айта алмаймыз. 100 мың оқытушы 3 жылда біліктілігін көтеру курстарынан өтеді. Сәйкесінше, олардың жалақылары өсетін болады», - деді ҚР Білім және ғылым министрі.

 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: 24.kz

Ш. Талап