- Негізгі бет
- Хабарландыру
- Биыл мемлекеттен 35...
Биыл мемлекеттен 35 053 білім беру гранты бөлінді
Бүгін Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мемлекеттен 35 053 білім беру гранттары бөлінгенін мәлімдеді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 738 грантқа көп.
«Биыл экономикалық жағдайды, индустриалдық-инновациялық бағдарламаны, ЭКСПО-2017 шарасы мен әлемдік универсиаданың бізде өтетінін есепке ала отырып, мемлекеттік білім беру гранттарының жалпы саны 35053 орын болып отыр. Ол былтырғы жылға қарағанда, 738 грантқа көп. Биыл 68742 бала конкурсқа қатысады, оның ішінде қазақ тілінде - 51707, орыс тілінде - 7035 бала», - деді Б.Жұмағұлов.
Білім беру гранттарының 12 мыңға жуығы техникалық ғылымдар мен технологиялық мамандықтарға, 6700-і педагогикалық, 2630 грант ауыл шаруашылығы мен ветеринариялық мамандықтарға бөлінген. Сонымен қатар, биылдан бастап дене тәрбиесі және спорт мамандығына тапсырыс 1000 грантқа дейін ұлғайтылған.
Бақытжан Тұрсынұлының мәлімдеуінше, конкурсқа қатысушылардың арасында 50997 талапкер ҰБТ-ның, 16072 талапкер - кешенді тестілеудің, 1308 талапкер - халықаралық олимпиадалардың, 365 талапкер - Назарбаев зияткерлік мектебінің сертификатымен қатысса, сондай-ақ 469 жетім бала, 319 мүгедек бала бар. Олардың білім гранттарын тағайындау кезінде басым мүмкіндіктері мен құқықтары ескеріледі. Жалпы конкурсқа орташа алып қарағанда, бір грантқа 2,3 талапкер таласады екен.
«Биыл ҰБТ өте жоғары деңгейде өтті. Колледж бітірген түлектердің көрсеткіштері де жаман емес деуге болады», - деді Білім және ғылым министрі.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, биыл мектепті 143 409 бала аяқтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 95 455 түлек қатысып, оның 67 990-ы сәтті тапсырып шыққан.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: netslov.ucoz.kz
О. Сансызбай