- Негізгі бет
- Хабарландыру
- «BI Group-тан мамандыққа...
«BI Group-тан мамандыққа ие бол» жобасының I кезеңінің жеңімпаздары анықталды
Құрметті оқырмандар! Осыдан аз ғана уақыт бұрын еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығындағы танымал көшбасшы компаниялардың бірі – BI Group жаңа әлеуметтік жоба бастағанын хабарлаған едік. Су жаңа жобаның 1 кезеңінің жеңімпаздары анықталды.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздың есімі төмендегідей:
1. Ізжан Әубекиров – Орал, 1997 ж.
2. Аббазжан Құрбанов – Қарағанды, Октябрь. 1994 ж.
3. Қуандық Құспан – Атырау, 1994 ж.
4. Әлімжан Мергенов – Атырау, Мақат, 1997 ж.
5. Ерасыл Советбек – Семей, 1997 ж.
6. Қалбаев Ілияс – Алматы, 1994 ж.
7. Досжан Абдолов – Ақтөбе, 1992 ж.
8. Қуандық Қалысбеков – Семей, 1995 ж.
9. Алимхан Айтхожин – Көкшетау, 1995 ж.
10. Ануар Омаров – Астана, 1996 ж.
Жобаға қатысам деп ниет білдірген үміткерлердің қарасы көп болды. Біз ең үздіктерін таңдауға тырыстық. Жүйрік шыққан жеңімпаздардың эсселері жүрек тебірентерліктей. Оқуға, білім алуға деген құштарлықтары мен асқақ армандарын байқауға болады. Біз бір-екі үміткердің жолдаған эссесін жариялауды жөн көрдік. Мәселен, оралдық Ізжан Әубекиров былай дейді:
"Бала кезден болмағанымен, ес біліп есейгелі өзіме жақын деп таныған мамандықтардың бірі де бірегейі осы құрылыс мамандығы болатын. Мектеп кезінен-ақ осы салаға назар аударып, өзімді осы сала маманы ретінде көргім келді. Бірақ барлығы ойдағыдай бола бермесі белгілі. Мектептен кейінгі емтиханнан жинаған балым аздау болып, мемлекеттік грандқа түсе алмадым. Алайда, қалаған жолыма қалайда жету үшін өлкеміздегі белді жоғары оқу орындарының бірі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің құрылыс материалдарын, бұйымдары мен құрастырылымдарын өндіру мамандығының ақылы бөліміне түстім. Қызықты да танымды студенттік шағымның үшінші жылында отбасылық жағдайыма байланысты, дәлірек айтсақ оқу ақысын төлей алмауыма байланысты оқудан шығуыма тура келді. 3 жыл ішінде құрылыс саласына қатысты көп мағлұмат алып, болашақта өзіме керекті деректер жинадым десем қателеспеген болармын. Құрылыс саласында, оның ішінде құрылыс материалдары және сәулет бағыты өзімді қатты қызықтырады".
Ал, Қалысбеков Қуандық есімді үміткер: "Мен де құрылысшы болғым келеді. Жастайымнан құрылысқа жақын болып өстім. Әлі есімде алғашқы үйді 17 жасымда әкем, ағам үшеуміз салған едік. Мен үшін ол уақыт өмірлік сабақ болған еді. Басында үйрене алмай жұмыстан қашып тұратынмын, бірақ уақыт өте келе бір істі аяғына жеткізу үшін бұл істі жақсы көру керегін ұқтым. Сол уақыттан бері әлі күнге дейін құрылыстың маңайынан алыстамадым. Білесіз бе, мен үшін құрылыс ол жауапты іс, күрделі болғанымен оның да көңілге қуат берер жақтары өте көп. Әкем де құрылысшы. Ауылда талай үйдің пешін салып, елдің ақ батасын алған қайырымды жан. Менің әкемнен үйренгенім өте көп. Ол іргетасынан бастап дұрыс, мұқият салудың маңызын түсіндірген. Қазіргі таңда қолым босаған уақытта қалада құрылыста істейтін жігіттерге көмектесіп тұрамын. Өзім басқа салада жұмыс істеймін. Дегенмен құрылысқа жүрегім бұрады да тұрады. Мен үшін ең бастысы құрылысшы мамандығын алу маңызды екенін енді түсінгендей болдым. Өзімді құрылыс саласында көрсеткім келеді. Биік арманыма жетуге BI Group компаниясы көмектесеріне сенемін. Себебі әр азаматтың парызы өмірінде тал егіп, үй салу. сол ұшін де құрылыс саласында шыңдалғым келеді" – деп өзінің құрылыс саласына деген шын ықыласын көрсете білген.
Ия! Өмірде біз күтпеген небір тосын оқиғалар болатыны заңдылық. Бірақ ол сіздің арманыңызға жетуге деген талпынысыңызды жоя алмайды. Біздің жеңімпаздардың да басынан осы секілді әр түрлі жағдайлар өткен. Оның бәрі уақытша қиындықтар ғана екенін айтқымыз келеді. Себебі, BI Group компаниясы сіздерге үлкен мүмкіндіктер сыйлайды.
Жақын арада үміткерлер BI Group Корпоративтік университетінде оқу үшін Астанаға келеді. Олар компанияның Корпоративтік университетінен 1 айлық оқытудан өтеді.
Айта кетейік, «BI Group-пен мамандыққа ие бол» – компанияның жаңа әлеуметтік жобасы. Басты мақсаты – құрылысшы мамандардың бейімділігін арттырып, жұмысшы мамандығына қоғам назарын аудару. Әлеуметтік жоба әсіресе дарынды ауыл жастарына Қазақстандағы ең ірі құрылыс компаниясынан жұмыс орны мен мамандық алуға мүмкіндік береді.
Бір айдан кейін байқаудың екінші кезеңі өтеді. Оқытудың нәтижесі бойынша емтихан тапсырады. Емтиханды сәтті тапсырғандар арнайы жастар бригадасына кіріп, компанияның жобаларында жұмыс жасайтын болады.
Ж. Жұмағұлов