- Негізгі бет
- Хабарландыру
- Атырау қаласында бос...
Атырау қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді
Биылғы жылдың 20 маусымында «APEC Petrotechnic» мұнайгаз саласындағы кадрларды даярлау және қайта даярлаудың өңіраралық орталығының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы ЖОО және колледждердің түлектерін жұмысқа орналастыру үшін 40-тан аса компанияның қатысуымен «Atyrau Job Fair Exhibition» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Massaget.kz порталының тілшісіне аталған жәрмеңкенің баспасөз қызметі.
«Atyrau Job Fair Exhibition» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі 20 маусымда сағат 10.00–ден бастап, 16.00-ға дейін APEC Petrotechnic колледжінде өтеді.
Іс-шараға Атырау облысы әкімшілігінің, «Нұр Отан» партиясының, білім беру, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамудың жұмысбастылық пен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіретін облыстық басқармаларының, «Даму» қорының, «Ауыл шаруашылық кәсіпкерлерін қолдау қорының», Bolashak Alumni Relations Office «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «Болашақ» Ассоциациясының, «Кәсіпқор» Холдингінің, басқа да жұмыс беруші болып табылатын ірі компаниялардың өкілдері қатысады.
Жәрмеңке елбасының «Қазақстан жолы – бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын іске асыру мақсатында «Жұмысбастылықтың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру сұрағы бойынша азаматтарды қабылдайды. Іс-шараны өткізу қарсаңында барлық тілек білдіруші азамат пен заңды тұлғаларға консультациялық көмек көрсетілетін болады.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі барысында жұмыс берушілер кәсіптік дағдыларды дамыту бойынша тренингтер, тестілеу, ізденушілермен сұқбат және компания қызметі туралы тұсаукесер өткізеді.
Жәрмеңке туралы толық ақпаратты www.kasipkor.kz және www.bolashak.gov.kz сайттарынан біле аласыздар.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Ж. Өрісбай