«Алматы – Достастықтың мәдени астанасы – 2014» мақсатты бағдарламасы аясында Алматы қаласында жылдың маңызды мәдени шараларының бірі «Кітапфест» кітап фестивалі өтті.
Қайырымдылық қоры өкілінің сөзіне сенсек, «KITAPFEST – 2014» фестивалі 5-7 мың қонаққа арналған. Бұл фестиваль елімізде бірінші рет өтіп отырғанын да айта кетейік. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру. Фестивальға келген қонақтар қазақстандық авторлардың кітаптарын 15 пайызды жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Сатып алынған кітаптың ақшасы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған кітап» жоба аясында жиналып, табысталады екен. Бұл туралы «Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Эльмира Жомартова (суретте) айтты. Және кітап сатылымынан түскен қаржының белгілі бір бөлшегінің ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі балалардың есеп-шотына аударылатынын да бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде жариялайтынын айтып отыр.
Шығармашылық ашылу салтанатында белгілі ақын-жазушылар қатысып, фестивальді ашып берді. Атап айтсақ, ақын-сазгер, драматург Исраил Сапарбай, жазушы Сұлтан Қалиев, медицина және педагогика ғылымдарының докторы профессор Совет-хан Ғаббасов, жазушы Шәкен Күмісбайұлы, актриса Бақыт Жанғалиева, ақын Аманхан Әлімұлы, жазушы Нұрдәулет Ақыш сияқты белгілі мәдениет қайраткерлері фестивальға кітапханалардың құрметті оқырманы болғандықтан шақырылыпты.
Фестиваль барысында «Менің сүйікті кітаптарым» атты Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтың, Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын жинаған кітап көрмесінің таныстырылымы болып өтті.
Жазушылар шатырында жеке авторлардың кітаптары қонақтарға ұсынылды. Оның ішінде Аян Құдайқұлова, Дастан Қадыржанов, Лиля Калаус, Қанат Тасыбеков, Александр Цой, Аджиджиро Кумано, Темірлан Төлегенов және Павел Банников сияқты жазушылардың түрлі тақырыптарды қамтыған кітаптарына шолу жасалды.
Фестиваль аясында Библиодесант өткізілді. Ұйымдастырушылар онда қонақтарға арнап, кітапхана өнімдерін жарнамалады. Ал ашық аспан астында шахмат пен шашка ойындарынан турнир өтті. Кітаптан соғыған көзтартартыл лабиринт те қонақтардың ең көп бас сұққан жәдігеріне айналды.
Бекнұр Кисиков, жазушы, фестиваль идеясының авторы:
- Идея осы жылдың басында келді. Мен халықаралық кітап көрмелеріне бардым. Бұл форматты өзімізге лайықтап алсақ деген ой болды. Негізгі мақсатымыз - кітап авторлары мен оқырмандарын жақындассын дедік. Кітап сататын жеке мекемелердің бағыты кітапты, яғни өз тауарын сату болса, біздің фестиваліміз әлеуметтік бағытты ұстанып отыр. Қазақстандық жазушыны оқырманмен жақындатудың бір алаңын жасасақ деген ойымыз бар.
Жас өнерпаздар өлең оқып, ән салып, би биледі.
Фестиваль аясында концерттік бағдарламадан бөлек, саздан құмыра илеу, балаларға бормен сурет салу, кітап оқуға үйрету шеберлік сыныптары жүргізіліп отырды.
Кітап оқуға үндейтін жобаның ұйымдастырушылары Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, «Бауыржан» қайырымдылық қоры және Алматы қаласының Орталық кітапхана жүйесі.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz