Биылғы күздің елді елең еткізер музыкалық оқиғасы - «I`m a singer Kazakhstan» жобасының басталатын күні белгілі болды. Ғаламат шоудың ресми түрде басталуына бір айға жетпейтін уақыт қалды. Шоу 31 арнадан 24 қыркүйекте эфирге жол тартады.
Дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр: қатысушылардың репертуары таңдалды, музыкалық бэндпен алғашқы дайындықтар басталып кетті. Үміткерлер түсірілім алаңына жинала бастады. Күн өткен сайын қобалжулар артып келеді. Шоудың продюсері, сонымен бірге «сарапшылар алқасының» мүшесі атанған Алуа Қонарова әділ қазы ретінде кез келген тосын жайттарға дайын екенін айтып қалды:
- Байқауға қатысушыларды іріктеуге қатысқандықтан, кімдердің өнер көрсететінін, кімнің қолынан не келетінін шамамен білемін. Сондықтан бір таңғаларлығы, ең алдымен қатысушыларға емес, өзіме сәттілік тілеп, объективті бол дегім келеді. Әділ болып, адами факторларды ескеру керектігін есіме саламын. Өйткені сахнаға шыққан әнші шын талант болғанымен, сол күні бірдеңе дұрыс болмауы мүмкін. Ондай күндер бәрімізде болады. Сондықтан барлық қазылық ететін төрешілерге шыдамдылық пен әділдік тілеймін.
Байқаудың қазылар алқасының құрамында белгілі қазақстандық әнші Әлішер Кәрімов те бар. Ол бізге өз әсерімен бөлісті:
- Мен де өнер жолын осындай жобадан бастадым, - деп бастады ол сөзін. – Ол кезде сарапшы орындығында емес, қазылардың жауабын күтіп, көзім жәутеңдеп сахнада тұрдым. Неге екенін білмеймін, қазір де «I`m a singer» жобасында жұмыс істейтінімді ойласам, дәл сол кездегідей қобалжи бастаймын. Өзімді қатысушылардың орнына қоямын. Олардың қандай күйде болатынын жақсы түсінем. Сондықтан жай ғана қызыл сөзбен шығарып салмай, пайдалы кеңестер мен орынды сын айтқым келеді.
Мынадай әңгімелерден кейін «I`m a singer Kazakhstan» жобасының қазыларынан әділдік күту қиынға соғатын сияқты. Бір айта кетерлігі, талант шоудың форматына сәйкес, қатысушыларды іріктеуде сарапшылардың мүмкіндігі шектеулі. Қатысушылардың тағдырын шешуде басты салмақ көрермендерге түседі. Айтулы шоудың ұйымдастырушылары жобаға деген қызығушылық бәсеңдеп қалмау үшін бұдан артық ақпарат беруден бас тартып отыр.
- Құпиямызды соңына дейін ашпаймыз, - деп күлді 31 арнаның Бас директоры Бағдат Қожахметов. – Мазалаған сұрақтарыңыздың бәріне жауапты шоудың өзінен аласыздар.
Шоудың алғашқы эпизоды 31 арнаның эфирінен 24 тамыз күні сағат 21:00-де беріледі. Аңызға айналар сәттен қапы қалмаңыздар!
Жобаның бас демеушісі – "Forte bank".