- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- Велошабандоздар туралы жаңа...
Велошабандоздар туралы жаңа картина
«Хабар» арнасында тағы бір тың туынды. Отандық велошабандоздары туралы «Арман жолында» картинасы желтоқсан айында көрерменге жол тартады. Біз фильмнің продюсері Ардагер Сантыбаевпен түсірілім жұмысы мен шығармашылық топ туралы әңгімелескен едік.
- «Арман жолында» телехикаясы туралы айтып берсеңіз.
- Қазір елімізде спорт саласына көп көңіл бөлінуде. Статистикаға сүйенсек, велоспорт ең танымал спорттардың арасында үшінші орында тұр. Қазақстан кино тарихында алғаш рет, «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен дәл осы велоспорт туралы «Арман жолында» телехикаясын түсіріп жатырмыз.
Оқиға желісі бойынша Арман деген жас бала әкесі сияқты велоспортшы болуды армандайды. Оның әкесі жол апатына ұшыраған адамдарды құтқарамын деп қайтыс болған. Телехикаяның негізгі мақсаты көздеген өзінің ерік-жігері мен еңбегінің арқасында жетістікке жеткен жастарды көрсету. Арман еңбекқор, алған бетінен қайтпайтын алғыр бала. Сондықтан оның образы жастарға үлгі болады, балалардың велоспортқа қызығушылығын арттырады, жалпы спортқа деген махаббатты оятып, отаныңның патриоты болу, елін сүю сынды қасиеттерді үйретеді.
Сериалдың атын «Арман жолында» деп алуымыздың басты себебі арманға жетудің қаншалықты маңызды, сол жолда ұзақ әрі тынымсыз жұыс істеу керектігін тағы бір рет дәлелдей түсу. Жалпы, бұл толықтай ойдан құрастырылған фильм. Кез келген жастағы адамдар үшін қызықты болуы үшін сценарийді шытырманға толы, тартымды етіп жаздық.
- Басты рөлдегі балалар қалай таңдалды, олар спортшылар ма?
- Іріктеуге келер болсақ, басты кейіпкер Арманның рөлін Жасұлан Көпбергенов сомдайды. Ол Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті. 10 жасынан бастап киноға түсіп жүр. «Санжар мен Қайсар» сериалдарында, Е.Тұрсыновтың «Кемпір» фильмінде өзінің таналантын көрсете білді. Бұл телехикая – оның басты рөлдегі бастамасы. Осы туындыға түсу үшін тыңғылықты дайындалды. Біз Қазақстанның Велоспорт федерациясымен байланысып, кәсіби жаттықтырушымен келістік. Бір ай бойы велоспорт техникасы, велосипедті дұрыс жүргізу ережелерін меңгерді. Жасұланмен бірге екінші кейіпкеріміз Санжарда дәріс алды. Оны Аслан Анарбаев деген жас актер сомдады. Ол режиссер Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» фильмін түскен. Аталмыш картина Берлин кинофестивалінде жоғары бағаланған еді. Бірнеше жылдық үзілістен кейін Аслан үлкен экранға қайта оралды.
Сонымен қатар, Арманның анасының рөліне өте танымал, Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлді сомдаған Алтынай Нөгербекті шақырдық. Сондай-ақ Мұқан атаның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Сағат Жылгелдиев сомдады. Жалпы актерлік құрам өте жақсы таңдалды, көрерменге ұнайды деп сенеміз.
Түсірілім тобы жастардан құрылған. Режиссері – Бейбіт Өнер. Т.Жүргенов атындағы өнер институтының түлегі. Бұған дейін қысқаметрлі фильмдер түсірген талантты жігіт. Ол сценарийде айтылған ойлардың барлығын видео арқылы көрсете білді.
- Телехикаяның мақсаты ма маңызына тоқталсаңыз...
- «Арман жолында» туындысы спорттың дамыуына әсерін тигізеді деп ойлаймын. Елбасымыз айтқандай спорт ұлт саулығы, сондықтан спорт тақырыбы өзекті және бүгінгі күні өте қажет. Ал, велоспорт Еуропа және Америкада өте танымал. Сонымен қатар «Astana - Pro Team» командасы Қазақстанды әлемдік аренада жақсы танытып жүр. Сондықтан біздің сериал жастардың осы спортпен айналысуға құлшынысын оятуда өз үлесін қосады деп сенеміз.
Тағы айта кетім келетіні, түсірілімге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің көп көмегі тиді. Олар техника, логистика жағымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар велоспорттық жарыстар болған эпизодтардың барлығына Велоспорт федерациясының көмегі болды. Жалпы, осы жобаны түсіру кезінде қолдау білдірген азаматтардың барлығына алғысымызды білдіреміз.
Г. Берік