- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- Шетелдегі отандастарымыздың жетістігі...
Шетелдегі отандастарымыздың жетістігі
«Kazakh TV» телеарнасында күзгі маусымнан бастап «Pride» (Отандастар) жобасы эфирге шығуда. Бағдарлама жүргізушісі Алевтина Мадиярова әлемді аралап, әртүрлі саланы бағындырған қазақстандықтар туралы әңгімелейді.
Түп тамыры қазақ даласынан, алайда қазір өзге мемлекетте өмір сүріп, табысқа жеткен қаншама азаматтарымыз бар. Жазушылар мен музыканттар, спортшылар мен саясаткерлер талай шыңды бағындырып, еліміздің имиджін қалыптастыруда. Олар – біздің мақтанышымыз. Деректі фильм жанрында түсірілген бұл жоба сол қазақстандықтардың жүріп өткен жолымен таныстырады, әлемдік нарықта отандастарымыздың бәсекеге қабілетті екендігін көрсетеді.
Таныс болыңыздар, бұл – Берлин Кенжетайұлы Иришев. Қазақстандық экономист және дипломат, экономика ғылымдарының докторы. Қостанай облысының Жетіқара ауылында дүниеге келген.
Экономика тақырыбындағы кітаптар мен мақалалардың авторы. Экономика саласындағы халықаралық сарапшы. Мушкетерлер қауымдастығының мүшесі. Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының төрағасы.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін өз күшіммен мүмкіндіктерімді байқап көргім келді. Себебі мен экономиспін. Бұл экономикалық жобаларға қатысуға мүмкіндік береді» - дейді Берлин Иришев.
Ал, Жәмилә Стеһликова – қазақтан шыққан Чехияның саяси қайраткері. Мамандығы бойынша дәрігер-психиатр. 2007-2009 жылдары Чехияның Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министрі, сондай-ақ Чехия Республикасы Үкіметінің Адам құқықтары бойынша Кеңесінің төрайымы.
«Pride» жобасының кейіпкері Жәмиләны ешбір күмәнсіз ерекше адам деп айтуға болады. Біріншіден, Жәмила Еуропада (жалпы шетелде) министр бола білген алғашқы қазақ қызы. Екіншіден, ол Чехиядағы алғашқы чех тегінен шықпаған министр. Бұл расында да теңдессіз оқиға.
Жәмилә Алматы қаласында дүниеге келген. Оның саяси жетістіктері туралы толығырақ бағдарламаның алдағы шығарылымынан көруге болады. Әзірге айтарымыз, бұл кісінің өмірі қызықты мәліметтерге толы.
Әлібек Датбаев Амстердамда өмір сүреді, сонда жұмыс істейді. Жас жігіт Павлодар қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Павлодар қаласындағы №10 мектеп-лицейін аяқтаған соң «Жас дарын» мектебінде информатиканы оқиды. Сонымен қатар «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетініңтүлегі. Қазір Booking.сom-да жұмыс істейді. Ол компания қызметкерлері телефон нөмері бойынша брондалған бөлмелер туралы толықтай ақпарат алу үшін жүйе жасайды.
Сірә, шет мемлекетке шыққан кез келген адам «Booking.сom» сайтын қолданған болар. Бұл қонақ үйлерді интернет арқылы брондау жүйесі. 1996 жылы Амстердамда құрылған. Әлем бойынша 220 елде жарты миллионнан аса қонақ үй, апартамент, виллалар мен хостелдер ұсынады. Күн сайын осы жүйе арқылы бір жарым миллионға жуық бөлме жалға беріледі екен. Мамандар тәулігіне 24 сағат 40 тілде қызмет көрсетеді.
Booking.com жұмысқа орналасу үшін Әлібек күрделі іріктеуден өткен. Ол Hackerrank алаңында бағдарламалау бойынша онлайн-жарысқа қатысып жүреді. Сондай байқаулардың бірінде оның талантын байқап, аталмыш компанияның бас кеңсесінде жұмыс істеуге ұсыныс жасайды.
Қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Әуезова. Мәскеу қаласында туған қазақ қызының әкесі Мұрат Әуезов – шығыстанушы, жазушы.
Алматы қаласындағы орта мектепті бітіріп, Ленинградтағы мемлекеттік университеттің «Шығыстану» мамандығына түседі. Оксфорд университетінде оқыған. Ғылым кандидаты. Мамандығы – араб әдебиетінің тарихы. Зифа Әуезова Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде сабақ берген.
Ең маңызды еңбектерінің бірі – Махмұт Қашқаридің үш томдық «Түрік сөздігінің жинағын» аударды. Зифа Әуезова араб, қазақ, голланд, ағылшын, орыс, жалпы алғанда тоғыз тілді жетік біледі. Қазір Нидерландияда өмір сүріп жатыр. Еуропаның бірнеше универистетінде сабақ береді, ғылымды да ешқашан ұмытқан емес.
Гүлназ Балпейсова 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. Жеті жасында ата-анасымен Ақтөбе қаласына көшіп барады. Орта оқуды бітірген соң Штиглиц атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркем-өндірістік академиясына түседі. Кейін Мәскеу мен Петербург қалаларында жүріп, шығармашылығын дамытады. Ол суретші, театр костмюдерін жасаушы һәм әртіс ретінде де жұмыс істеп көрген. 2016 жылы Нина Дворжецкая мен Римаса Туминасаның актерлік-режиссерлік курстары бойынша Борис Щукин атындағы театр училищесін бітірген.
Режиссер Римаса Туминасаның стажер-ассистенті ретінде«Евгений Онегин», «Улыбнись нам, Господи», «Минетти» спектакльдерінің қойылымына қатысты. Өзінің алғашқы жұмысы – Вахтангов театр сахнасында Иван Буниннің әңгімесі бойынша «В Париже» қойылымы болды.
2016 жылы А. Стриндбергтің пьесасы негізінде «Фрекен Жюли» атты екінші спектаклін сахналады. 2017 жылы Гүлназ Алматының М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында А.Грибоедовтың пьесасы бойынша «Горе от ума» қойылымын қойды.
Бұл жобаның аз ғана кейіпкерлері. Олардың өмірімен толықтай танысу үшін «Kazakh TV» арнасынан немесе мына сілтеме арқылы тамашалаңыздар.
Г. Берік