Қазақтың бай мәдениеті мен өнерін көрерменге паш етіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген арналардың бірегейі «Kazakh TV» арнасы. Телеарна дархан даламыздың қойнауында жатқан сан ғасырлық мұраларымызды саралап, ұмыт болған тарихи жәдігерлерімізді қайта жаңғыртуда.
Опера және балет – өнердің биік шыңы, жер бетіндегі халықтардың көп жылдық қазынасы. Дүние жүзін талай сырларға толы тылсым әлемімен таң қалдырған бұл сала біздің көрерменге де жақын. Әлібек Дінішов, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы сынды бұлбұлдарымыздың алтын дауысы, Шара Жиенқұлова, Болат Аюханов, Досжан Табылды секілді бишілеріміздің өнері жаһанға мәшһүр. Бүгінде осы жауһарларымыздың ізін жалғап, сахнаны бағындырып жүрген қаншама жастарымыз бар. Сонымен қатар сіз бен біз көретін «Абай», «Біржан мен Сара», «Қыз Жібек», «Қаракөз» сынды қойылымдардың артында мыңдаған адамның еңбегі жатыр.
Классикалық өнер сұлулықты және жер бетіндегі үйлесімділікті, адамның тұлға ретінде мінсіз, сананың мүмкіндігі шексіз екенін паш ететіні даусыз. Адамзатты жаңа технология алға жетелеп, ойын-сауықтың неше түрі сананы жаулаған заманда, рухани құндылық назардан тыс қалып жатады.
Соңғы бес жылда елімізде «Астана Опера», «Астана балет», Ұлттық хореография академиясы, Шымкент қаласының опера театры сынды классикалық өнерге қатысы бар бірнеше алып ғимараттар тұрғызылды. Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры ең ескі өнер ордасы, ал А.Селезнев атындағы Хореография училищесі және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы талай тарихтың куәсі. Бұл өнер нысандары әлемдік бәсекелестерінен несімен ерекшеленеді, күнделікті жұмыстарындағы қызықты сәттер, Қазақстан несімен мақтанады? Осы сұрақтардың жауабын көрермен «Kazakh TV» арнасынан шығатын «Сахна сыры» – жобасынан табады.
«Өнер үшін салынған алып ғимараттардың негізгі байлығы ішіндегі әртістері, кәсіби мамандары. Біз бағдарламада сол өнер ордаларына жан бітіретін адамдар жөнінде сөз етеміз. Сонымен қатар халық арасында опера және балет өнерін көпшілік түсіне бермейді деген пікір қалыптасқан. Бұл қате ой, сондықтан көрерменге осы саланың бүкіл сұлулығын, қарапайымдылығын жеткізгіміз келеді»,– деп толықтыра кетті «Kazakh TV» арнасының Бас продюсері Айкүміс Сексенбаева.