Спорт десе ішкен асын жерге қоятын көрермен үшін «Хабар 24» телеарнасында әр сәрсенбі күні «Олимп» жобасы эфирге шығады. Бағдарлама барысында спорт саласының дамуы, еліміздің Әлем Чемпионаттарындағы және Олимпиададағы жетістіктері, табыстары бен жеңілістері жөнінде журналистің сараптамасы жасалады.
«Біз алғаш «Олимп» жобасын жасаған кезде оны таза спорттық емес, сол салаға қатысы бар мәселелер төңірегінде жасаймыз деген едік. Яғни, Олимпиада немесе Әлем чемпионаттары сынды жарыстар мен сайыстардан өзге, жалпы спорттың түрлері мен даму барысы туралы айтқымыз келді. Алғашқы хабарымызды дзюдо, таеквандо, бокс, қазақша күрес сынды танымал спорттардан бастадық. Дегенмен, семсерлесу, академиялық қайық есу сынды Олимпиада ойындарының қатарына кіретін, бірақ елімізде танымал емес спорт түрлерін де ұмытқан жоқпыз. Біздің шығармашылық топ оларды тауып, жағдайларымен танысты. Олардың базалары әлсіз, алайда Халықаралық сайыстарда жетістіктерге жетіп, медальдар алуда. Мұндай спорт түрлерін көбірек насихаттау керек» дейді бағдарламаның жүргізушісі Артем Петров.
Қазақ және орыс тілдерінде шығатын жобада көбінесе мерзімге қарай, мәселен, жазда жаздық спорт түрлері, қыста қыстық ойындар сөз болады. Алғашқы бөлімі 2016 жылдың 10 маусымынанда шыққан. Сол уақыттан бері күрес, көркем гимнастика, бокс, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлерінен бастап, спорт коментаторлары мен спорттық тамақтануға қатысты қызықты деректер мен мәліметтер берілді. Сондай-ақ паркур деп аталатын көше өнері, стрит воркаут сынды ерекше спорт түрлері туралы да шығарылымдар жасаған. Артем Петров: «Айтып кеткенімдей тек спорт түрлері емес, спортқа қатысы бар дүниенің бәрін қозғауға тырысамыз. Мысалы, спорт төрешілері, соның ішінде бокс төрешілері туралы бағдарлама жасадық. Кез келген спорт түрінде олардың маңызы зор, шығарған шешімі спортшының тағдырына, ойын барысына тікелей әсер етеді. Кейде тіпті келіспей, әділетсіздік білдірді деп те ренжіп жатамыз. Мәселен, біздің боксшымыз Василий Левитті Рио Олипиадасында төреші әділ бағаламады деп шу болған уақыттае реферилер жұмысы туралы айттық. Олар төрелік еткенде неге жүгінеді, қандай заңдарға бағынады дегендей мәселелерді сөз еттік. Сонымен қатар «черлидинг» өнеріне де бір шығарылым арналды. Бағдарламаны жасағанға дейін мен, тіпті, Астанада осы саланың бар екенін де білмеген едім» дейді.
Хабар барысында ұлттық спорт түрлеріне де айрықша көңіл бөлінеді. Садақ ату, асық ату ойындары бағдарламаға арқау болды. Тағы спорт кешендері, Астана қаласында салынған «Барыс Арена» бассейні жөнінде алғашқылардың бірі болып бағдарлама жасаған да осы «Олимп» жобасының шығармашылық тобы. Сонымен қатар аймақтарға барып, сол жақтағы спорттың дамуы барысымен танысып, жағдайын біліп қайтады тілшілер. «Мәселен, Қарағандыға барып бірнеше бағдарлама әзірледік. Г.Головкин атындағы спорт кешенінің ашылу салтанаты, Теміртау қаласындағы синхронды жүзу мектебі, Көкшетауда өткен спорттық би жарыстарын түсірдік. Бұл бағдарламаны жасауда біздің қоюшы операторымыз Рамиль Қажыбаевтың орны бөлек. Ол жобадағы видеолар мен картинкалардың сәтті, әдемі болып шығуы үшін сан алуан техниканы қолданып, теледидардың арғы шетінде отырған адамдарға өз объективі арқылы ғажайып дүние көрсетеді» дейді Артем Петров.
Бірінші бөлімі шыққан күнен бастап рейтингі өте жоғары болған жобаны «Хабар 24» арнасынан немесе мына сілтеме арқылы көруге болады.