Мыңдаған жылдар сырын қойнауына жасырған қаншама жолдар бар. Ұлы Империялар мен өркениеттер көзден ғайып болып, шаһарлар ғасырлар тозаңына көмілген кезде де бұл жолдар өмірді қайта жаңғыртып, сан тағдырды өзгертті. Осы көне жолдар торабында тоғысқан мәдениет белгілерін тауып, жаһанға паш ету үшін «Kazakh TV» арнасы жаңа жоба ұсынады.
«The Treasures of the nation» (Ұлт байлығы) бағдарламасында ғалымдар мен зерттеушілер экспедицияға аттанып, еліміздің аймақтарын аралайды. Экспедиция мүшелері барған алғашқы қалалардың бірі – көне Отырар. Ескі қаланың әр тасы тұнып тұрған тарих. Мәселен, мына суреттегі құдықтан Шыңғыс ханның ұрпақтары мен әмір Темір су ішуі мүмкін.
Отырарды Шыңғыс ұрпақтары жермен жексен етіп кетсе де, уақыт өте бұл аймақта өркениет жанданып, қайта гүлденуде. Ғалымдар ескі үйінділерді зерттеп, қаланың бұрын қандай болғанын көзбен көрмек.
Ұлы Жібек жолының ең гүлденген қаласы – Отырардың қақпасы осындай болуы әбден мүмкін.
Жолаушыларымыздың екінші мекені – түркілердің бас қаласы Түркістан. Суреттегі әйгілі Қожа Ахмет Яассауи кесенесі. Әлі күнге дейін миллиондаған адам зиярат етіп, рухани тыныштық іздейтін киелі жер.
Ал, мынау – Солтүстік Қазақстандағы Долматов қалашығы. Табиғатының сұлулығы шексіз, керемет көріністер көз тойдырады. Қола құю өнерінің өргендеген өңірі болған.
«The Treasures of the nation» (Ұлт байлығы) жобасының жүргізушісі, Ұлы дала мәденитінің насихаттаушысы Арман Нұрмұханбетов атадан қалған ізбен жүріп өтіп, өткен күндерге саяхат жасайды.
Абылай ханның талабымен Петропавл бекінісінде Сібірдегі ірі жәрмеңке мен кеден ашылды. Бұл сауда жолының жандануына алып келген бастама еді.
Біздің жиһанкездер тек тарихқа үңілмей, тылсым табиғатты да тануға тырысады. «Көбелектер жарыққа ұмтылады. Себебі жарықтан аппақ айды көреді» дейді... Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын бағдарлама барысында білесіздер.
Жазық далада күннің батқаны да тамаша ғой, шіркін! Бір мәдениет екінші мәдениетпен біте қайнасып, алмағайып заман өтті елдің басынан. Біздің міндет, сол тарихты ұмытпау, қайта жаңғырту.
Бұл – Павлодар облысының археологтары. Олар Қимақ қағанатынан қалған ескі жолдардың сырын зерттеу үстінде.
Ғалымдар қорғандардың қойнауында не барын білгісі келсе, біздің түсірілім тобымыз ғалымдардың ойында не барын білмек үшін бар ынтасымен жұмыс істеп жүрген сәттері.
Алматы облысындағы Есік қорғаны. Мұнда «Алтын адам» табылып қана қойған жоқ, бүкіл сақ тайпасының мәдениеті сақтаулы.
Қола шырақдан. Тараз қаласына Ұлы Жібек жолы арқылы Аспан асты елінен келген.
Олай болса, қараша айынан бастап көненің көзі болған жолдар мен жерлердің тарихы туралы «Kazakh TV» арнасынан және арнаның kazakh-tv.kz ресми сайтынан «The Treasures of the nation» (Ұлт байлығы) бағдарламасынан тамашалаңыздар.