- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- Қазақстаннан шабыт іздеген...
Қазақстаннан шабыт іздеген адам
Шабыт. Өнер адамдары үшін бұл өмірдің мәні. Ал, шабытың бітіп, өнерге деген махаббат сәулесі ақырындап сөнген сәтте не істеу керек? Қол қусырып отырасың немесе «шабыт» қайдасың деп жолға шығасың. «Kazakh TV» арнасы ұсынған «Inspiration» (Шабыт) жобасының басты кейіпкері музасын іздеп, Қазақстанға келген Үндістан азаматы.
Адамды шабыттандыратын таза ауа, мөлдір судың сыңғыры, әсем табиғат және этнос. Оның ішінде ұлттық музыканың үні жанға жайлылық сыйлап, күш береді. Әсіресе қазақ халқының атадан балаға мирас болып қалған көне әуендеріжүрек сандығын ақтарып, көңіліңіздің терезесін қағады. Бұған музыка туралы көптеген аңыз-әңгімелер куә. «Inspiration» (Шабыт) бағдарламасының жүргізушісі Мумбаи қаласында дүниеге келген Джони Газз да дәл осы сезімдерді үшін келіпті.
«Мен музыка әлемінде жүргеніме ұзақ жылдар болды. Бірақ соңғы кезде ешқандай өзгеріс көрер емеспін. Шабытыңды шыңдау үшін жаңа ел, жаңа орта, жаңа мәдениетпен танысу керек. Ерте дәуерге саяхаттап, ерекше елдің еркіндігіне көз салу, оның өнерімен сусындау, қажетімді табуды қаладым. Ғаламтор беттерін парақтап қазақ халқының салт-дәстүрі жайлы оқыдым. Онда бұл елдің көне дәстүрі, әуендері мен әні әлі күнге дейін сақталған деген ақпараттар бар екен. Міне, соған көз жеткізіп, тыңдап, қайта шабыттанып қайтсамдеген ой келді. Содан Алматыға, Қазақстанға сапарлап келдім» - дейді ол.
Джони Газзды ата-анасы бала кезінен өнерге баулыған. 12 жасқа толғанда алғаш мектепаралық сайысқа қатысып, сахнаға шығыпты. Тағы бір қасиеті саяхаттағанды ұнатады. Ол шабытын шыңдау үшін үнемі ізденісте жүреді екен. Оны Алматыда Серік Нұрмолдаев күтіп алады. Серік продюсер, музыкант, композитор, әнші, театр және кино актері, дүниежүзілік «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Өнертану ғылымының магистрі. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, 15-ке жуық аспаптың құлағында ойнайды.
Екі өнерпаз Қазақстанның музыкалық аспаптарының тарихымен танысып, бастауына үңіледі. Алыстан келген қонағымыз ұлы даланың үні мен ескі музыкалық дәстүрлерімізбен тереңірек танысу үшін жүргізушілер қаланың шулы өмірінен алыстап, нағыз табиғатпен үндеседі. Осы сапар барысында Джони домбыра мен қобыздың үнін өзінің гитарасымен ұштастыруға тырысады.
«Көрермендер бұл жобадан елімізге саяхат жасап келген музыкант арқылы тағы да ұлттық құндылықтарымызды тани түседі. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен бай мәдениеті талай адамға шабыт беріп, қанаттандыратынын көреді. Ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен шетелдік қонағымыз ән салып, дуэттер жазылады. Бұл табиғи, жанды музыкалық бағдарлама бай ән-жырымызды, сан ғасырлық аспаптарымызды бүкіл әлемге паш етеді»,- дейді «Kazakh TV» арнасының Бас продюсері Айкүміс Сексенбаева.
Бағдарламаны «Kazakh TV» арнасынан немесе мына сілтеме арқылы көруге болады.
Г. Берік