- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- Қарттар үйінде қазақтың...
Қарттар үйінде қазақтың саны көбеюінің себебі неде?
Қазақ қоғамында "қарттар үйі" дейтін түсініктің өзі болмаған. Бұл Кеңес заманынан бастап біздің ділге енген пайым. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда өзі ер жетіп, болары болған кезде әлі қалмаған әке-шешесін қарттар үйіне өткізетін қазақтың балалары да баршылық. Мұны қарттар үйінде толып жүрген қазақтың ата-әжелеріне қарап-ақ білеміз.
Статистика комитеті ұсынған ресми ақпаратқа орай, 2016 жылы елімізде зейнет жасындағы азаматардың саны 2 миллионнан асқан. Ал олардың 1 пайызға жуығы, яғни 18821 зейнеткер қарттар үйінде өмір сүреді. Өкінішке орай, олардың қанша пайызын немере қызығын көре алмаған қазақтың ата-әжелері құрайтыны жайлы мәлімет жоқ. Десе де, соңғы жылдары олардың саны күрт өскені айтпаса да белгілі.
Бала өсіріп, қартайғанда қарттар үйінде өмір сүруге мәжбүр болатын қазақтың аталары мен әжелерінің саны артып келеді. Қоғамдағы мұндай өзгеріс қалай қалыптасты?
Бүгінгі сандық технология дәуірінде өзге елдердің дәстүрі мен ділін тану қиынға соқпайды. Ол үшін ел асуға мүмкіндігіңіз болмаса, интернетіңіздегі ресурстардың өзі жеткілікті. Жаһандану үдерісінің ықпалы бар.
Жаһандану үдерісінің тиімді жақтары бар. Бірақ ұлттық құндылықтардың жойылуына алып келетін жайттары да жоқ емес.
Жаһандану
Дамыған елдерде әке-шешесін қараусыз қалдыру үйреншікті қалыпқа енген. Ағылшындардың немесе француздардың тұрмысына назар аударсаңыз, ер жеткен ұл өз бетімен үйінен кетеді. Бастысы әке-шеше өз миссиясын орындады. Енді ешкім ешкімге міндетті емес.
Ал қазақ оған үйренбеуі керек. Қартайған шақта көмекке зәру адамдарға өз балаларынан артық қамқор бола алатын адам бар ма?
Шетел әдебиеті
Шетелдің кез келген бестселлері туралы ақпарат іздесеңіз, оған қатысты пікірлер көбіне позитивті түрде жеткізіледі. Содан кейін кітапты алып оқысаңыз, көңіліңізден шықпайды. Бұл коммерциялық өнімнің маркетингтік кампаниясы жоғары деңгейде жұмыс істегенін білдіреді. Ал бұл кітаптар батыстың стандарттары мен құндылықтарын үйретеді.
Әрине, бестселлерлерді оқу керек. Бірақ оны діл сүзгісінен өткізу үшін алдымен қазақ дәстүрі мен әдебиетіне қанық болуымыз қажет. Сол үшін өсіп келе жатқан қазақтың баласы қазақ әдебиетімен сусындаса, шетел әдебиетін өз өміріне, өмірлік позицияларына негіздеп алмайды. Мысалы, бірінші "Абай жолы" романын емес, Айн Рендтің шығармаларын оқыған қазақ жасөспірімінің пайымында нендей ой қалыптасады?!
"Атлант қанатын жайды" атты танымал бестселлер авторы Айн Ренд "Объективизм" философиялық жүйенің негізін салған. Бүгінде оның атына қор ашылып, сеніміне негізделген философиялық ағым қалыптасқан.
Шетелдегі "баспасөз үйлері" табыс табудың қыр-сырын меңгеріп алған. Содан болса керек, қазіргі қазақ мектептерінде бестселлерлерге қызығатын балалар көп. "Мен ешкімге ешнәрсе міндетті емеспін. Маған да ешкім ешнәрсе міндетті емес" деген идеологияны дамытқан Айн Рендті оқыған бала әлі жетілмеген санасын осы философиямен қоректендіреді. Сонымен бірге дами түседі. Содан кейін өзін әке-шешесіне міндетті емес деп біліп, тастап кетеді.
Феминизм
Қазақ қоғамындағы әйелдің орны бөлек. Оны бала кезінен "үйдің қонағы" деп біледі. Себебі уақыты келіп, тұрмысқа шыққан кезде күйеуінің отбасына сіңісетіні бар. Бұл дәстүрді жақтамайтындар қатары көбейіп келеді. Әрине, оған түрлі себептер негіз болып отыр. Мысалы, әйелдің келіндік борышын атқарғысы келмеуі немесе енесімен тіл табыса алмауы бар. Кейбір отбасында зорлық-зомбылықтың да әсері бар. Оған интеллигентті азаматтар да қарсы екенін айту міндет.
Феминистік көзқарастағы әйелдер отбасындағы кішкентай мәселелердің бәріне оңтайлы шешім таппай, тек өзіне ұтымды жақтарын қарауға бейім келеді. Себебі феминистер туысқа кішіпейілдік танытып, иіліп сәлем бергісі келмейді. Әрине, барлығы да бірдей осындай демеу керек. Десе де, күйеуін ата-анасын қарттар үйіне апаруына көндіретіндер де сол феминистер болса керек. Ал, сіз, отағасы, бір-екі жыл жүрегіңізді жаулап, махаббатыңызға айналған адамның айтқанымен сізді 25 жыл бойы тәрбиелеп, жөнге салған ата-анадан бас тарта аласыз ба? Жоқ.
"Хабар" агенттігі күні кеше "Қария" телехикаясын тұсау кесерін жасады. Бұл жобаның айтары да бүгінгі қарттар үйіне қатысты мәселе болып отыр. Телехикая бүгіннен "Хабар" арнасынан берілуі жоспарланған.
Тұсау кесерге фильм актерлері мен біршама қазақ белсенділері келді
Телефильмнің режиссері Асхат Мұсабайдың айтуынша, бұл жоба ата-әжелерін қарттар үйіне өткізу туралы ойлап жүрген азаматтардың орайынан қайтуына септігін тигізеді деген үмітпен түсірілген. Телефильмде ойдан құрастырылған эпизодтар да бар. Бірақ жобаның 80 пайызы шынайы өмірден алыныпты.
"Биыл Хабар агенттігі төрт телехикая түсіріп отыр. Оның үшеуі әлеуметтік бағытта. Қариялар тақырыбы екі телефильмде көтеріледі", - дейді "Хабар" агенттігі арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек.
Кенжебек мырзаның айтуынша, Қазақ қоғамындағы дәстүрге келмейтін үрдістердің қалыптаспай тұрып, дұрыс бағытқа бұру керек. Әлеуметтік жобалардың құндылығы да сонда болып отыр.
Ж. Өрісбай