- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- «Хабар» телеарнасында...
«Хабар» телеарнасында жұлдызды жұптар туралы картина көрсетіледі
«Хабар» агенттігінің тапсырысымен қолға алынған «Өз үйім» телехикаясын түсіру жұмыстары аяқталуға жақын. Комедия жанрдағы туындыға отандық шоу-бизнес өкілдері жұмылдырылған. Картинада Құдайбергеновтер отбасындағы қызықты жайттар мен қиындықтар туралы баяндалады.
Оқиға желісі бойынша бір шаңырақ астында үш ұлымен отбасы өмір сүреді. Үйдің иесі қатал әке. Бұрын әскери адам болған. Әр сөзі қатып қалған заң, міндетті түрде орындалуы керек. Әкенің рөлін Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Қанат Құдайбергенов сомдайды. Оның айтуынша кәсіби актер болмағандықтан, арасында қиындықтар да болады екен. «Сценарийдегі кейбір сөздердің орнын ауыстыруға тура келеді. Бізде таза актерлік тәжірибе болмағаннан кейін, кейбір көріністер жылдам түседі, кейбірін бірнеше дубльмен түсіріп жатамыз», - дейді Қанат Құдайбергенов.
Бұл фильмнің ерекшелігі туындыдағы жұптардың барлығын өмірдегі жұлдызды жұптар сомдайды. Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер әке мен ананы сомдаса, балаларын Жанболат пен Жәзира, Бүркіт пен Аиша және Арман Қоңыров пен Аша Матай ойнайды.
Ең қызығы үш ұлдың да лауазымды қызметі бар, әрқайсысы өр мінезді, айтқандарынан қайтпай қалған, бірақ әкелерінің алдында жуас, момақан болып қалады. Ал, бір үйде тұратын келіндер бейбіт өмір сүріп жүргенде, кіші ұлдың келіншегі қалыптасқан ережелерге бағынғысы келмейді.
Жалпы, әншілерді киноға түсіру өте қиын. Өйткені түсіру жұмыстары тоқтаусыз, кейде күні-түні жүруге тура келеді. Ал өнер адамдарының қолы бос бола бермейді екен. «Алайда камера алдында өздерін жақсы ұстайды», – дейді режиссер Әнуар Матжанов.
Картинаның үлкен экранға қашан шығатыны әзірге белгісіз. Алайда, қазақы қалжың мен әдемі юмордың куәсі боласыздар дейді шығармашылық ұжым.
А. Оралқызы