Астанада футболдан журналистер лигасының жазғы маусымы аяқталды. Осымен екінші рет ұйымдастырылған БАҚ лига ойындарында «Хабар» арнасы тағы дачемпион атанды. Екінші орынды «Elorda aqparat» командасы қанжығаласа, қола жүлде «Астана» телеарнасының футболшыларына бұйырды.
Айта кетейік, осы жылы додада 14 команда бақ сынаған болатын. Олар: «ҚР АКМ», «Егемен Қазақстан», «Қазақстан», «Хабар», «Қазақ радиосы», «Елорда-Ақпарат», «Жеңіс», «Sports 1959», «Хабар-24», «ҚазСпорт», «ҚазМедиа», «Ел арна», «Dixinews.kz», «Астана ТК».
Сондай-ақ «Жеңіс» командасының ойыншысы Азат Хұмарбек сұрмерген ойыншы деп танылды. Жазғы маусым басталғаннан бері спортшы қарсыластардың қақпасына 24 рет гол соққан. «Егемен Қазақстан» командасының ойыншысы Еркебұлан Алдабергенов пен «Хабарлық» Азамат Бертісов қарсыластарына 16 рет гол салып, екінші орынға тұрақтады.
Мұнымен футбол ойындары біте қойған жоқ. Осы сенбі, яғни 22 шілде күні Журналистер кубогының жартылай финалы және финалдық ойындары өтеді. Мұнда да «Хабар» арнасы өз бағын сынайды.