- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- «Хабар» арнасының журналисі...
«Хабар» арнасының журналисі халықаралық сыйлыққа ие болды
11 қыркүйек күні Болгария мемлекетінің астанасы София қаласында академик Дмитрий Лихачев атындағы «Славян ертегісі» V халықаралық кино және телевизия фестивалі аяқталды. Осы жылы шарада екі қазақстандық жоба маңызды сыйлыққа ие болды.
Фестивальдің бас жүлдесін Людмила Лебедеваның «Маңғышлақ» қысқаметражды фильмі жеңіп алды. Картинада соғысқа кетер уақытта анасымен бірнеше минутқа кездесуге мүмкіндік алатын қарапайым қазақ солдаты туралы баяндалады.
Арнайы сыйлық пен «Болгар раушаны» (раушан гүлі Болгарияның симболы) статуэткасы «Хабар» арнасының ұжымы түсірген «Грани Афгана» деректі фильміне табысталды. Жоба авторы – Руслан Идрисов. Осы сайыста қазақстандық деректі фильм Ресей, Палестина, Болгария және басқа да мемлекеттердің алдын орап кетті.
Жалпы фестивальге 15 мемлекеттен 180 жоба ұсынылған.
«Тапсырылған жұмыстардың деңгейі өте жоғары болды, сондықтан үздік жобаны таңдау қиынға түсті. Қазақстан маңыздылығы жоғары тақырыптарға өте жақсы картина ұсынды» - деді фестивальдің директоры Елена Димитрова. Сондай-ақ ұйымдастырушылар атқарылған жұмыстар үшін жас автор Руслан Идрисовқа алғыстарын білдірді: «Грани Афгана» фильмі Ауғанстанда газеттерден оқып, теледидардан көріп жүргенімізден басқа әлем бар екенін көрсетті»,- дейді.
«Біз фильмнің өзі, сондай-ақ оның халықаралық фестивальдерде көрсетілуі Ауғанстандағы жағдайды өзгертпейтінін түсінеміз. Бірақ осындай жұмыстардың арқасында бүкіл әлемдегі адамдар бұл мемлекетке басқа көзқараспен қарайды, жақсы көреді немесе керісінше жек көріп кетеді, жалпы сезінеді деп сенеміз. Ал ең бастысы, бір адам болса да өмірді бағалау және мына әлемді қорғау керектігін түсінер дейміз» - дейді автор Руслан Идрисов.
О. Сансызбай