18 маусым күні «Биле, Қазақстан!» жобасының екінші маусымына қатысушыларға іріктеу басталады. Байқаудың ережесі бойынша сайысқа 10 жастан 60 жасқа дейінгі кез келген адам қатыса алады. Басты талап олар қазылар алқасына әртүрлі жанрдағы би үлгілерін көрсетуі керек. Сондай-ақ байқауға қатысамын деген алыс-жақын шет мемелекеттегі бишілерге де есік ашық.
Іріктеу еліміздің үш қаласында өтеді:
Астана – 18 маусым, Ы. Дүкенұлы көш., 29, «Тұран-Астана» университеті;
Шымкент – 21 маусым, Тәжібаев көш., 2, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 8 корпус;
Алматы – 24-25 маусым, Сәтпаев көш., 16-18, «Тұран» университеті.
«Бұл жоба әртүрлі жанрда билейтін бишілерді біріктіріп, олардың талантын дүйім жұртқа танытуға мүмкіндік берді. Ал ең бастысы көптеген адамға шабыт беріп, қанаттандырады. «Биле, Қазақстан!» жобасының алғашқы маусымында елімізде дарынды жастардың көп екендігін байқадық. Сол себепті біз оларды іріктеуге шақырамыз. Музыкаға жаны құмар, би дегенде ішкен асын жерге қоятын азаматтардың барлығын 18 маусымнан бастап еліміздің үш аймағында өтетін іріктеу алаңдарында күтеміз!- дейді «Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рақымжанова.
Шоу «Хабар» арнасының эфирінен күзгі маусымнан бастап көрсетіледі. «Биле, Қазақстан!» – «So You Think You Can Dance» би жобасының қазақстандық франшизасы. Жоба алғаш рет 2005 жылы Америка Құрама Штаттарында «So You Think You Can Dance» деген атаумен көрсетіліп, бүгінгі күні 10-нан астам «Эмми» премиясын алған. Бізден өзге әлемнің 37-ден астам мемлекетінде (Қытай, Аeстралия, Ұлыбритания, Украина және т.б.) ұйымдастырылған.