Таяуда ғана жарты жылға созылған Биле, Қазақстан! жобасының екінші маусымы аяқталды. Бұл жолы сайыс өткен жылғыдан да қызықты, қуаныш пен қайғылы сәттерге, бұрын соңды қойылмаған би қойылымдарына толы болды. Финалда мыңдаған бишілердің арасынан сытылып шыққан төрт үздік биші, Бауыржан Сейфулин, Айсұлу Смағұлбекова, Алексей Ануфриев, Ксения Гомрекелашвили кездескен еді. Көрермендердің дауысы 22 жастағы алматылық Айсұлу Смағұлбекованы жеңімпаз атандырды. Бұл ару алғашқы күннен бастап өзінің талантымен қазылар алқасы мен шоуға қатысушылардың барлығын тәнті еткен болатын. Оныңдарыны мен жүзіндегі жылылық көрерменнің де есінде ұзақ уақыт қалатын болар. Бүгін Айсұлу бағдарламаға қалай келгені мен сезімдері туралы сыр бөлісті. -Айсұлу, Биле, Қазақстанға келген алғашқы күніңіз есіңізде ме? Сол кезде жеңімпаз атанамын деген ой болды ма, сезімдерің қандай? - Есімде. Іріктеуден әрі қарай өтемін бе, өтпей қаламын ба деп уайымдап, қатты қобалжыдым. Қасымда әкем: Сенің өтетініңе сенемін. Бірақ бұл жобаға қатысудың қажеті бар ма? деп күмәнмен сұраған еді. Әрине, керек дедім. Барлық қатысушының арманы жеңіске жету ғой, бірақ дәл мен жеңемін деген ой болған жоқ. Халықтың көпшілігі қолдаған кезде өте жақсы, жағымды сезім. Би мен үшін жай ғана хобби емес, бұл менің мамандығым, 11 жыл бойы 24 сағат бойы дайындық залында төккен терім. Сондықтан бұл жеңіске лайықпын деп ойлаймын! -Жеңіске жету үшін адамға қандай қасиеттер керек? - Біріншіден шыдамдылық, төзімділік, өзіңе сенімділік болу керек. Айтып кеткенімдей кішкентай кезден бимен айналысып келемін. Бұған дейін де байқауларға қатысып, көптеген сын-пікірлер естіп өстім. Сонымен қатар жоба барысында да қанша ескертулер айтылды. Олардың барлығын жеңіл қабылдадым. Себебі ескертеулер мен түзетулерден адам сабақ алып, одан сайын төзімді, қатты бола түседі. Өзінің бойындағы талантын әрі қарай дамытуға, шыңдауға ұмтылады. - Бұл жоба сізге не үретті (сіз білмейтін би бағыттары болды ма)? - Мен А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің Халық билері бөлімінде білім алдым. Бірақ өзіме контемпорари стилі жақын. Бұл дегеніміз заманауи би дегенді білдіреді. Ал, жоба барысында хип-хоп, вакинг деген стильдерді бірінші рет биледім. Вок пен вакингтің айырмашылығын білдім. Ең бастысы жаңа достар таптым. Олармен бір үйде жарты жыл бойы бірге тұрдық. Табиғатымнан тұйықпын, сондықтан адамдармен араласуды, ашылып әңгімелесуді үйрендім. - Өзіңіз және отбасыңыз туралы білгіміз келеді? - Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Анам үй шаруасымен айналысады, әкем жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі қызметін атқарады. Үйде менен басқа екі қыз бар. - Ұтып алған қаржыны қайда жұмсайсыз? - Ата-анама сыйлаймын.