Бастау керек

Бастау керек
Фото: khabar.kz

Жаңа маусымнан бастап эфир уақытына өзгеріс енгізген «Хабар 24» арнасында ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың саны артып, сапасы да жақсара түсті. Маңызды жобалар көрсетілімі кешкі уақытқа ауысып, қайта жаңғыртылды. Сондай хабарлардың бірі – «Бастау керек».

Бастапқы кезде бағытымыз «бизнес-экономика» тақырыптары болатын. Кәсіпкерлерге жасалған жағдай мен кезігетін кедергілер жөнінде көрерменді алдын ала таныстырып, бизнеске тартумен келдік. Астарлы мағыналы атауымыз осыдан қалған, дейді бағдарламаның шығармашылық ұжымы.

Алайда дөңгелек үстел аясында кез келген өткір де өзекті мәселелерді талқылай алғандықтан, басшылық бір жылдан кейін әлеумет, білім беру, медицина, саясат, ғылым сынды салалардың күрмеуі қиын сұрақтарына жауап іздеуді тапсырған. Сол себепті бағдарлама барысында тақырыпқа тікелей қатысы бар тараптар түйісіп, мәселені сан қырынан сарапқа салады. Мысалы, соңғы бағдарламалардың бірінде «Вакцинация», яғни екпе егу сөз болды. Студияға келген мамандар егудің адам денсаулығы үшін пайдалы тұстарын дәлелдеуге тырысса, екпе алған баланың анасы вакцинациядан кейін бүлдіршінінің жағдайын айтып, ортада қызу талқы болды. Сондай-ақ қазақ әліпбиінің латынға көшу мәселесіде жобаға бірнеше рет арқау болған тақырып.

Өткен жылдан бері бағдарламаның шығармашылық ұжымы көпбалалы аналардың құқығы қандай, бизнес саласында біліктілікті арттыру, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алу жолдары, бала асырап алу, баланы балабақшаға кезекке қою мәселесі,мал шаруашылығы саласында шағын бизнес ашу сынды әрбір қазақстандықты мазалайтын сұрақтарға жауап іздеді. «Бастау керектің» бір ерекшелігі – арнайы тілші студияға келген кейіпкердің өте алмаған жолымен өтіп көреді. Не шыққанын, қандай қиындықтарға тап болғанын қонақтар экраннан бақылап отырады. Соңында түйткілдің түйінін тауып, төте жолды көрсетеміз. Қазір қоғамның көкейіндегі ең өзекті мәселелер дөңгелек үстелде талқыға салынады»,- дейді хабардың тілшісі Асылжан Жеңіс. 

Екі тілде де жарық көретін бағдарламаның қазақша нұсқасын Арай Ізбай жүргізсе, орысшасының тізгіні – тәжірибелі журналист Қайыржан Смағұловтың қолында. «Бастау керек» студиялықхабарын көрермендер әр дүйсенбі сайын кешкі 19:40-та және 20:45-те «Хабар 24» арнасынан немесе мына сілтеме арқылы көре алады.

Г. Берік