«Хабар» арнасы көрермендерінің сүйіспеншілігіне бөленген «Пәленшеевтер» телехикаясының екінші маусымы басталады. Әдемі қазақы қалжыңға құрылған туындының түсірілім жұмыстары аяқталып, шығармашылық топ монтажына кіріскен. Бұл жолы картинаның режиссері Төребек Бейсебаев, ал актерлік құрам көп өзгермеген. Бүгін біз комедияда басты рөлді сомдайтын Бақытжан Әлпейісов ағамызбен әңгімелескен едік.
– Бақытжан аға, «Пәленшеевтер» сериалында сіз атаның рөліндесіз. Шын өмірде кейіпкеріңізге ұқсайсыз ба?
– Жоқ (күліп)! Мүлдем ұқсамаймыз. Бұл әзілге байланысты құрылған дүние ғой, сондықтан кейіпкерім аңқаулау ата. Негізі жинақы образ деуге болады. Көп адамдардан, ауылдағы ағаларым, апаларымнан біраз нәрсе, басқа да көзін көрген кісілердің мінездері мен қасиеттері алынған. Бір ғана адамның бейнесі емес, көп адамның бейнесін көрсету үшін бір эпизодта мына адамды салсам, келесі эпизодта басқа адамның кейпін салдым.
– Бұған дейін сізді атаның рөлінде көрмеген сияқтымын. Ата болған қалай екен?
– Сақал, мұрт қойып, алғаш рет қарияның рөлін ойнадым. Маған кейіпкерім ұнайды. Көрермендер мен әріптестерімнің бәрі жақсы қабылдаған сияқты, көрген жерде «жымың-жымың» етіп тұрады. Расында да менің осыған дейін кино және театр төрінде осындай рөлім болған емес. Сол үшін өзіме де қызық. Қарап тұрсам, жасыма байланысты атаның рөліне келе жатырмыз-ау. Тіпті, түсірілім кезінде бәрі мені «ата» дейді. «Ей, ата деп атағандарың мен үшін әлі ертерек, біртүрлі құлаққа ерсілеу естіледі екен» деп күліп қоямын.
– Апа екеуіңіз үнемі бір-біріңізге тиісіп, қағытып отырасыздар. Ал, өмірде сондай қызықтарға тап болатын кездер болады ма? Жалпы шығармашылық топпен жұмыс барысы қалай болды?
– Лидия әпкемен театр сахнасында он жыл бірге істедім. Он жыл талай-талай рөлді бірге ойнадық. Бірақ дәл осындай қатынаста болып көрмеппіз. Ол кісінің жасы үлкендеу ғой менен, сонымен қатар екеуміз де Райымбек Сейтметов ағамыздың мектебінен өттік, сондықтан іштей түсіністігіміз бар. Тағдырдың Лидия әпкемізбен жолықтырғанынаө те ризамын, сериалды түсіріп бітіргенде де, «енді, осындай рөлде жолығамыз ба, жолықпаймыз ба, мынау соңы шығар» деп біртүрлі көңілім босап, «сізбен ойнау бақыт қой, ұлы актрисасыз» деп бетінен сүйдім. Ол кісінің актерлік шеберлігі ілуде бір кездеседі деп ойлаймын, комедияға салсаң комедия, драмаға салсаң дарама, өрісі кең адам ғой негізі. Кино әлемі Лидия әпкеміздің бойындағы талантты көп пайдаланбай жатыр-ау депте ойлаймын.
Ол кісі үшін де, мен үшін де «Пәленшеевтерде» өткен уақытымыз өте керемет кезең деп ойлаймын. Бір-бірімізге ескерту айтсақ та, «мына жерін былай істесек қайтеді» деп бір-бірімізге кішкене көмектесіп жіберсекте оңай, әдемі қабылданып отырды. Әрине, дастархан басында білгенімізді жастарға, балаларымызға айтып отырдық.
Айта кетерлігі, шығармашылық топ жастар ғой. Сондықтан ұйымшыл, қалжыңдасып, кез келген тілегіміз, өтінішімізді орындап жатады. Негізі түсірілім тобында ең бастысы айқай-шу болмай, түсіністік пен сыйластық қой. Бір-біріміздің көңілімізді қалдырмай, ұсыныстар мен өтініштерімізді дер кезінде орындап отыру ұжымға тамаша серпін береді. Сондай атмосферасы жақсы ұжым болды.
– Ал, өз балаларыңызға «Пәленшенің баласы» туралы жиі айтасыз ба?
– Ол әңгіме ата-аналардың тарапынан барлық шаңырақта айтылады ғой деймін. «Шіркін-ай, менің балам министр болса ғой» деп бастаймыз сөзімізді. Түгеншенің баласы министр, сендердің жастарыңда пәлен-түлен істеп жатыр, деп айтамыз. Жалпы бұл қалжыңмен айтылатын дүние. Өзім балаларыма мынадан үлгі алыңдар деген емеспін. Себебі өз балаларымның бір адамға жететін қасиеті, тәрбиесі бар. Бұл енді өз отбасымда.
– Телехикаяның екінші маусымында не көреміз?
– Бірінші маусымның жалғасы болады. Отбасымызда аса өзгеріс жоқ. Мен екі баламның бірін үйлендіру керек еді деп ойлаймын. Қазақы қалжың мен әдемі әзілдері көп, көрерменге ұнайды деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рахмет!