Kazakh TV телеарнасында күзгі маусымнан бастап еліміздің имиджін қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба көрерменге жол тартты. Бабалар ізімен деп аталатын бағдарламаның мақсаты көрерменді бай тарихымызбен кеңінен таныстыру. Бұл жөнінде жоба жетекшісі Сапар Ысқақов: Қазақтың тарихы, мәдениеті 550 жылмен шектелмейді. Ол өте көне заманнан келе жатыр. Осыны дәлелдеу үшін саяхатқа шықтық, дейді. Экспедициясы мүшелері Алтайдан Ақтеңізге дейін ата-бабаларымыздың ат тұяғы тиген атырапты аралайды. ХХІ ғасыр жиһанкезі Сапар Ысқақов бастаған ғалымдар тобы 70 күнде әлемнің 20 аса елінде болып, тарыдай шашылған тарихтың маржанын жинайды. Темір тұлпарға мінген отандастарымыз Қазақстаннан бастау алып, ТМД және Еуропаға барады. Бағдарлама барысында сол елдердегі бізбен байланысты тың деректер мен жәдігерлер көрсетіледі. Ондағы мақсатымыз қазақ бабаларымыз қай жерге дейін жетті, соны зерттеу, өз халқымызға жеткізу. Қостанай облысы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарына бардық, алдағы жоспарымызда Шығыс және Батыс Еуропаға өту ойы бар. Ондағы бабаларымыз болған жерді көру, тарихи деректерді теріп, оны зерттеп, жаңа мәліметтер табу, дейді Сапар Ысқақов. Апта сайын қазақ, орыс және ағылшын тілінде шығатын бағдарламаның әр саны бір тақырып аясында өрбиді. Мәселен, өзге елдердің тарихын өзгерткен шайқастағы бабаларымыздың ерлігі, Грузияның тағдырын шешкен соғыстағы аталарымыздың жеңіске қосқан үлесі, Италияның Венеция қаласында осыдан сегіз ғасыр бұрын тұрған қыпшақ көпестері ауданы, Аттиланың Франциядағы соңғы шайқасы өткен жер секілді, осыған дейін көмескіде жатқан көп дерек жан-жақты талданады. Сол тақырып төңірегінде шетелдік ғалымдар, тарихшылар сұхбат береді. Әр хабарда бұрын Дешті-Қыпшақ құрамында болған башқұрт, татар, ноғай, балқар секілді ұлттардан генетикалық сынама алынады. Бұл жобаға ғылыми сипат береді, дейді Kazakh TV арнасының Бас продюсері Айкүміс Сексенбаева. Олай болса тереңде жатқан тарихымызды тану, бабаларымыздың жүріп өткен сара жолын білу үшін Kazakh TV арнасынан немесе мына сілтемеден Бабалар ізімен бағдарламасын тамашалаңыздар.