- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- «Ана жүрегі» картинасы...
«Ана жүрегі» картинасы көрерменге жол тартады
«Хабар» телеарнасы тағы бір тың туынды ұсынады. 14 қарашадан бастап режиссер Санжар Омаровтың «Ана жүрегі» картинасы көрерменге жол тартады. Драмада отбасы құндылықтары, ананың балаға деген шексіз махаббаты суреттеледі.
– Сериалдың сюжеті шынайы оқиға желісіне құрылған. Яғни, бұл оқиға өмірде болған. Тек кейіпкерлердің есімдері мен белгілі бір жайттар ғана өзгертілді. Экранның ар жағында отырған әр көрермен шынайылықты қалайды, оларды алдау қиын. Сондықтан, «Ана жүрегі» көпшіліктің көңілінен шығады деп сенеміз» - дейді картинаның режиссері Санжар Омаров.
Қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларын қамтыған туындыда ананың үйдегі һәм қоғамдағы ролі, әйел затының балаларға деген бал сезімі суреттеледі. 55 жастағы Райгүл есімді әйел Алматы қаласындағы аудандық соттардың бірінде судья болып қызмет атқарады. Жас кезінде өмірлік серігінен айрылып, жалғыз ұлын өзі тәрбиелеген. Ақылына көркі сай, дегенмен өте қатал жан. Мінезінің тік болуына жұмысы, құндақтағы сәбимен жалғыз қалуы әсер етеді. Барлық шешімді өзі қабылдап үйренген әйел, ұлы Арманның да шешесінің дегенімен жүргенін қалайды.
Фильмде басты рөлді «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» Лейло Бекназар-Ханинга сомдайды. Оның айтуынша бұл тек жастарға ғана емес, үлкен жастағы адамдарға да тәрбиелік мәні бар телехикая болады. «Сериалда жап-жас қыз өзінің жаңа туған баласын қоқысқа тастап кетеді. Мен оны соттаймын. Оған үкім шығару керек қой. Ол қыз неге, не үшін баласын тастады, қазақ халқында, қазақ әйелдерінің басында болмаған үлкен күнәні неге істеді? Біздің қанымызға бітпеген осына ауыр қылмысты сот қызметкері ретінде түсінуге тырысамын. Бірақ ана ретінде кешіргім келмейді. Осындай, қоғамда болып жатқан ащы шындықты көрсете отырып, жастарға тәрбие беретін сериал» - дейді актриса.
Айта кету керек, бұл «Хабар» арнасы жаңа маусымда көрерменге тарту еткен төртінші туынды. «Жанры – әлеуметтік драма. Біз қазір осы жанрға жақсылап бет бұрып жатырмыз. Мұның алдында «Қария», «Абзал жан» және «Мезгілсіз махаббат» деген фильмдер шықты. Осындай фильмдер арқылы біз қоғамда болып жатқан өзгерістерді, проблемаларды көптің көкейінде жүрген нәрсені жеткізу арқылы көрерменге ой салғымыз келеді», - дейді «Хабар» телеарнасының Бас продюсері Айдос Тұрысбек.
Ж. Жұмағұлов